Қазақстан экономикасы Орталық Азия елдерінен озды
Қазақстанда мұнай газ секторының рөлі экономикада тым жоғары бағаланған.
Қазір халық табысының мұнайға тәуелділігі төмендеді. Өткен жылы қара алтын саудасынан жан басына 2,5 мың доллардан түскен. Биыл бұл көрсеткіш одан аз болады. Сондықтан Халық Финанс сарапшылары экономикалық саясатты қайта қарау керек деп есептейді.
Сарапшылар ел экономикасындағы шикізаттың рөлі тым жоғары бағаланған деген пікірде. Бірақ шынымен де бұл Қазақстанға қаржы әкелетін басты бағыттардың бірі екені анық. Мысалы, былтыр мұнай газ экспортынан 50 миллиард доллар түсті. Биылғы түсім бұдан төмендеу болады. Өйткені қара алтын құны құбылмалы.
Ал экспорттан бір қазақстандыққа 2,5 мың доллардан түсуі – салыстырмалы түрде аз көрсеткіш. Әзербайжанда мұнай-газ саудасынан жан басына – 3 мың доллар, Сауд Арабиясында – 15 мың доллар, ал Норвегияда – 37 мың доллар. Дегенмен ел экономикасындағы басқа көрсеткіштерге оң нәтиже бар.
Қазақстан экономикасы Орталық Азия елдерінен озды
Қазақстан экономиканың көлемі мен номиналды өсімі бойынша Орталық Азия елдерін басып озды. Бұл аймақта еліміз ЖІӨ көлемі бойынша жетекші орын алады. Халықаралық валюта қорына сілтеме жасаған finprom осындай деректермен бөлісті. Мәселен, 2023 жылы Қазақстанның ЖІӨ көлемі шамамен 260 млрд долларды құрайды, бұл 2022 жылмен салыстырғанда 15%-ке артық. Жан басына шаққандағы ЖІӨ бойынша да өсім күтіліп отыр, мұнда Қазақстанда биылғы көрсеткіш шамамен 13 мың доллар төңірегінде болмақ. Бұл Тәжікстанға қарағанда 11 есе, Қырғызстаннан 7,1 есе, Өзбекстанға қарағанда 5,2 есе, Украинаға қарағанда 2,5 есе көп. Халықаралық валюта қорының болжамы бойынша Қазақстанда жан басына шаққандағы ЖІӨ 2024 жылдан бастап ОА және ТМД елдерінің, соның ішінде Ресейден жоғары болады.
Мақсат Халық, экономист:
- Жан басына шаққандағы жалпы ішкі өнім деген көрсеткіш бар. Ол бойынша 13 мың 300 долларға жеткен. Ол бойынша Қазақстан әлем бойынша табысы орташадан жоғары елдердің қатарына қосылып отыр. Дей тұрғанмен Еуразиялық экономикалық одақ елдері арасында Қазақстанның жалпы ішкі өнімі өте жоғары, өсімі өте жоғары, бірақ біз инфляция бойынша да көш бастап тұрмыз. Бізде жалпы ішкі өнімнің өсімі – 5%, инфляция – 10%. Әлемдегі тәжірибеге қарайтын болсақ, негізінен жалпы ішкі өнімнің өсімі инфляциядан жоғары болады. Ондай жағдайда халықтың әл-ауқаты жақсарып жатқанының негізгі көрсеткіші сол болады.
Келесі жылы елде жалпы ішкі өнім 5%-ке өсуі мүмкін. Еуразия даму банкі сарапшылары осындай болжам жасады. Қазақстан экономикасы биыл 4,8%-ке өскен. Демек алдағы жылы ішкі жалпы өнім артады. Сарапшылар мұны еліміздің инвестициялық әлеуетінің жақсаруымен байланыстырады. Ал базалық мөлшерлеме жыл соңына дейін 10%-ке, инфляция деңгейі 7.1%-ке төмендеуі мүмкін.
7 800 жалған несие рәсімделді
Қазақстанда қаржылық алаяқтық көбейді. Соңғы 2 жылда банктерде 8 мыңға жуық жалған кредит рәсімделген. Оның жалпы құны 15 млрд теңгеге жуықтайды. Олардың 82%-і банктердің мобильді қосымшалары арқылы рәсімделген. Азаматтарды алаяқтардан қорғауды күшейту үшін заң жобасы әзірленді. Онда несие алудан ерікті түрде бас тарту құқығы енгізіледі. Яғни, азаматтар несиеден бас тартса, банктер мен микроқаржы ұйымдары кредит бере алмайды. Егер несие берсе, онда қарыздан ерікті түрде бас тарту кезеңінде ресімделген берешекті есептен шығару міндеті белгіленеді.
Доллар саудасы қызып тұр
Валюта айырбастау пункттеріне көшсек, қарашада доллар саудасы қызды. Өткен айда АҚШ валютасының таза саудасы 234 млрд теңгеге жеткен. Бұл – бір жылдық аралықта ең жоғары көрсеткіш, деп хабарлады Ұлттық Банк. Доллар ең көп сатылған өңірлер: Астана, Алматы, Шымкент, Маңғыстау. Қараша айында айырбастау пункттерінен 13 млрд теңгеге еуро сатып алынды, бұл қазан айынан 18%-ке артық. Тек Шығыс Қазақстан мен Ұлытау облыстарында бұл валютаның саудасы азайды. Ал Ресей рублінің нетто саудасы 3,1 млрд теңге болды. Валюта бағамының төмендеуіне байланысты қыркүйекте қазақстандықтар ресей рубльін белсенді сата бастады.