Қытайдан Қазақстанға тауар тасымалы 40% артты
Биыл Қытайдан Қазақстанға 770 мыңнан астам жүк көлігі кірген, деп хабарлайды 24KZ.
Бұл көрсеткіш өткен жылмен салыстырғанда 40%-ке көп. Еліміздің транзиттік әлеуетінің артуына қабылданған кешенді шаралар оң ықпал етті. Бірінші кезекте биыл шекара шебіндегі кеден қызметкерлерінің саны артты және «Нұр Жолы» кеден бекеті тәуліктік, ал «Алакөл» бекеті аптасына жеті күн 12 сағаттық жұмыс кестесіне көшті. Сонымен қатар тауар тасымалдаушылар үшін электронды кезек жүйесі енгізілді. Нәтижесінде қос мемлекет арасындағы барыс-келіс жеңілдеді. Көлік қатынасының қарқын алуынан салық түсімі де еселенген.
Нұрлан Баймолдинов, облыстық Мемлекеттік кірістер департаменті басшысының орынбасары:
- Өткен көліктердің 95%-і транзиттік рәсіміне кіреді. Ол жерде де 40%-ке өсім болып жатыр. Қалған 6% кедендік тазарту рәсімімен өткен. Өткен жылмен салыстырғанда ол жерде де өсім бар – 31%-ке. Өткен жылы 211 млрд теңге Үкімет бюджетіне аударылса, осы жылдың 11 айында 306 млрд теңге бюджетке өндірілді.