Ж. Жөргенбаев: Ауыл шаруашылығы кооперативін дамыту қажет
Ауыл шаруашылығы саласында 3300-дей кооператив бар.
Алайда олардың 60%-і төлемге қабілетсіз. Сенаттың жалпы отырысында депутат Жанболат Жөргенбаев осылай деп Премьер-министрге депутаттық сауал жолдады. Оның айтуынша, бастапқы капиталдың болмауы кооперативтердің басты проблемасына айналған. Биыл «Ауыл аманаты» бағдарламасы аясында осы салаға 100 миллиард теңге бөлінді. Ал «Аграрлық несие корпорациясы» шамамен 400 миллиард теңге аударған. Дегенмен елдегі 268 мың ферма мен 1,5 миллионнан астам шаруа қожалығы әлі күнге дейін ауыл шаруашылығы кооперативінің қызметіне қосыла алмай жүр.
Жанболат Жөргенбаев, ҚР Парламенті Сенатының депутаты:
- Кооперативтердің негізгі проблемасы – алғашқы капиталдың жоқтығы, яғни несие алып сосын бірігіңдер деген концепция жұмыс істемейді. Аталмыш мәселе осы аталған құрылымдар арасында ірілендіру бағытындағы жұмыстардың әлсіз жүріп жатқанын көрсетіп отыр. Біріншіден, насихаттау жұмысының жүргізілмеуі, «Ауыл аманаты» бағдарламасының мүмкіндіктері толық ашылмаған. Екіншіден, жер қатынастарын реттеудің кейбір мәселелері толық қарастырылмаған. Үшінші, кооператив пен оның мүшелері үшін салық салу мәселелері толық реттелмеген.