Ел экономикасында оң серпіліс бар
Биыл саладағы өсім 5 пайызға жуықтады.
Былтыр 3 пайызға да жетпеген еді. Финпром порталының дерегіне сүйенсек, жыл соңына дейін қазіргі бағадағы ЖІӨ 260 млрд долларға жақындайды. Осылайша, былтырғы көрсеткіш 15 пайызға артады.
Статистикаға назар аударсақ, қазір елдің ЖІӨ Өзбекстан, Беларусь, Грузия, Армения, Молдова, Қырғызстан және Тәжікстан мемлекеттеріне қарағанда әлдеқайда көп. ТМД және Орталық Азия мемлекеттерінің арасында Ресейден кейінгі екінші орында тұрмыз. Енді халықаралық валюта қоры 2028 жылға дейін 350 млрд долларға дейін өсім болатынын болжап отыр.
Ал Үкімет алдында 2029 жылға қарай ЖІӨ 450 млрд долларға жеткізу міндеті тұр. Бұл межеге жету үшін экономика жыл сайын 6 пайызға өсіп отыруға тиіс. Енді Қазақстан өңдеу саласына басымдық береді. Биыл 65 млрд доллардың өнімін экспорттадық. Оның 21 млрд доллары өңделген тауарлар. Шағын және орта бизнестегі серпіліс де үлкен көмек болары анық.
Әлібек Қуантыров, ҚР Ұлттық экономика министрі:
- ШОБ-та жұмыспен қамтылғандар саны 4 млннан асты. Ағымдағы жылы ЖІӨ ШОБ үлесі 36,4 пайызға дейін жетті. Мемлекет қабылдаған шаралар ШОБ өнімдерін шығаруды 23 млрд теңгеден 29 млрд теңгеге арттыруға мүмкіндік берді. Үкімет әкімшілік жүктемені азайтып, бизнесті жүргізуді жақсарту бойынша шараларды іске асыруда.
Сарапшылар геосаяси ахуал кезінде мұндай көрсеткішке жетуді өте жоғары бағалап отыр. Олардың пікірі бойынша, алдағы 5 жылда ЖІӨ-ді өңдеу өнеркәсібі өрге сүйрейді. Қызмет көрсету саласы да дамуын жалғастырады деген болжам бар. Ел экономикасына инвестиция да қарқынды құйылып жатыр. Осының бәрін саралай келе, 2029 жылға дейін ЖІӨ-ді 450 млрд долларға жеткізуге әбден болады.
Айтпақшы, Ұлттық экономика министрі инфляцияның төмендегінін хабарлады. 20 пайыздан 10 пайызға түсіпті. Бірақ экономист Мақсат Халық бұған ішкі емес сыртқы факторлар әсер еткенін жазды. Рубль қатты құнсыздануы, Ресейден келетін тауарлардың бағасын арзандатты, тиісінше елдегі инфляция бәсеңдеді.
Мақсат Халық, экономист:
- Менің пікірімше екі таңбалы инфляция сақталып отыр. Демек тауарлар бағасының өсу қарқыны әлі де жоғары. Жан басына шаққандағы ЖІӨ $13 мыңнан асып, табысы орташадан жоғары елдердің қатарына қосылдық. Әлемдік стандарт бойынша $10 мыңнан төмен болса кедей ел, $10-12 мың арасында болса табысы орташа, $12- 20 мың арасында болса табысы орташадан жоғары деп бағаланады. Демек әлем бізді табысы жоғары ел деп қабылдайды. Ал Энгель заңы бойынша, халқы табысының жартысын азық-түлікке жұмсаған ел кедей деп есептеледі.
Экономиканың жағдайы - осындай. Бұрын-соңды бізге таңсық болған салаларды дамыту да қолға алынды. Мәселен, машина жасау өндірісі биыл 26 пайызға өсіп рекорд орнатты. Енді жыл соңына дейін 1,6 трлн теңгенің 296 жобасы пайдалануға беріледі.
Ең бастысы, осы жетістіктер тұрғындардың табысын арттырып, қараша халықтың игілігіне жараса деген тілек бар. Нарықтың талабы да осы болуға тиіс.