Ұялы байланыс операторларын тексеру басталды
Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігі ұялы байланыс операторларын тексере бастаған.
Жалпы бізде интернет ақысы қымбат десек, өзге елдегілер біздегі бағаны көріп неге арзан деп таңқалып жатады. Сонда бізде ұялы байласынс ақысы арзан деуге келе ме?
Бұл мәселеге қатысты жауапты органдар тарапынан тиісті жұмыстар жүріп жатқанына сенімдіміз.
Әрине, құзырлы органдар тарапынан бірқатар іс-шаралар қолға алынды. Мәселен, Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігі тиісті мекемелер тариф құнын 57 пайызға дейін қымбаттатқанын анықтады.
Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігі елдегі ұялы байланыс операторларына қатысты тексеріс бастады. Мұның алдында абоненттер тарифтердің қымбаттағанына қатысты шағым білдірген еді. Бұдан кейін операторлар бағаны 7,7 пайыздан 57,3 пайызға дейін көтергені белгілі болды. Мамыр-шілде аралығында 30-дан астам тарифтік жоспар қымбаттаған.
Қазақстанда 25 миллионның шамасында ұялы байланыс абоненті бар.
Бұлардың барлығына 4 байланыс желісі қызмет көрсетеді. «Қазақтелекомға» қарасты «Kcell» мен «Тele2/Altel» нарықтың 63 пайызына иелік етеді. Қалған 37 пайызы жекеменшік Beeline-ға тиесілі.
Агенттіктің сараптамасына сүйенсек, квазимемлекеттік сектордың басымдығынан бәсекелестік жоқ. Яғни, монополиске айналған операторлар абоненттің көңілін табуды ойлап бас ауыртпайды. Салдарынан, тариф қымбаттаса да қызмет сапасы жақсармай тұр. Сондықтан халық тарапынан түсетін шағым да кейінгі кезде жиіледі.
Нұржан Садырбай, ҚР Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігінің баспасөз хатшысы:
- Жыл басынан бері агенттік тарапына осы жүзден аса арыз-шағымдар келіп түсті қазақстандықтардан. Оның ішінде тариф бағасының, тарифтің өзгеруі және оның құнының өсуі туралы былайша шағым, нарызылықтар келді. Міндетті түрде айыппұл қарастырылған егер дәлелденсе осы заңбұзушылықтар. Ал тергеп тексеру енді басталғаннан кейін ол нақты қандай шешімге апарады, ол қандай қорытынды болатынын айта алмаймын.
Операторлардың да өз уәжі бар. Олардың айтуынша, желілерді дамытуға қомақты қаржы салу қажеттігінен тарифті көтеруге мәжбүр. Алайда, агенттік операторлар тарапынан инвестиция көлемі жыл санап азайып келе жатқанын айтады. Мәселен, инвестиция 2021 жылы – 20 пайызға, былтыр 30 пайызға кеміген.
Жазда Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Бағдат Мусин Астананың интернет сапасы жағынан Токионы басып озғанын айтқан еді. Сондай-ақ, Қазақстанда интернет әлдеқайда арзан екенін тілге тиек еткен.
Аталған министрліктің мәліметіне сенсек, Қазақстан мобильді интернет бағасы бойынша 233 елдің арасында 11-сатыға жайғасты. Алғашқы үштікте Израиль, Италия және Сан-Марино бар. Ал біздің елде 1 гигабайттың орташа бағасы 165 теңге. Гаити мен Өзбекстан тұрғындары да гигабайт үшін 165 теңге төлейді. Ресейліктер 1 гигабайтты 214 теңгеге сатып алады. Ал америкалықтар әр гигабайтқа 2506 теңге төлейді.
Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігі маусым айында тұтынушылар арасында сауалнама жүргізді. Қатысушылардың басым бөлігі, яғни 75 пайызы тариф қымбаттаса да бұрынғы ұялы байланыста қала беретіндерін айтыпты. Өйткені, басқа балама қызмет жоқ. Ал сапа жақсаруы үшін бәсекелестік керек. Бәсеке бар жерде даму бар. Нарық заңы осылай дейді.