Қазақстан экономикасы сынақтарды еңсере білді
Қазақстан экономикасы жаһандық сынақтарды еңсере білді.
Биыл елдегі инфляция екі есе төмендеді. Маңызды салаларда айтарлықтай өсім бар. Үкімет барлық әлеуметтік міндеттемелерді орындап, халықтың тұрмыс сапасын арттыруға бағытталған жоба-жоспарларды орындады. Өтіп бара жатқан жылдың негізгі қорытындылары төңірігенде Үкімет басшысы Әлихан Смайылов біздің арнаға эксклюзивті сұхбат беріп, өз ойларымен бөлісті.
Жаһандағы тұрақсыздық әлем елдерінің экономикасына ауыр сынақ болды. Сыртқы факторлардың әсерін Қазақстан да сезінді. Салдарынан былтыр елдегі инфляция 20 пайызға жетті. Президенттің тапсырмасы бойынша Үкімет жедел шаралар қабылдап, экономидадағы теңселісті тежеді. Нәтижесінде ел экономикасы биыл тұрақты өсім көрсетті. Айталық, құрылыс саласы - 13 %, сауда– 11 %, байланыс – 8 %, көлік саласы 7 % пайызға жоғарылады. Ал экономиканың негізгі драйвері саналатын инвестиция көлемі 15 трлн теңгеге жетті.
Әлихан Смайылов, Қазақстан Республикасының премьер-министрі:
- Егер өткен жылы 3,2 пайыздық өсіммен аяқтасақ, биылғы жылдың 11 айында экономиканың өсімі 4,9 пайызды құрады. Ал жылдың қорытындысы бойынша біз жылдық өсім 5 пайызға жақын болады деп күтіп отырмыз. Инфляция деңгейі 9,8 пайыздың деңгейінде болады деп күтіп отырмыз. Бұл инфляция екі есе төмендеді деген сөз.
Сонымен қатар экономикамыздың өсімін халықаралық агенттіктер де растап отыр. Олар Қазақстанның экономикасын инвестициялық сенімділік деңгейінде белгілеп отыр.
Әлихан Смайылов, Қазақстан Республикасының премьер-министрі:
- Келесі жылы бұл жұмысты жалғастырып, инфляцияны 6-8 пайыз деңгейіне түсіруге тырысамыз. Егер бұдан да төмен болса, базалық мөлшерлеме азаяды. Оның артынша банкілік кредиттер мөлшерлемесі кемиді. Бұл бизнес үшін тиімді.
Ауыл шаруашылығы саласында биыл 207 инвестициялық жоба жүзеге асқан. 65 сүт фермасын ашуға 100 млрд теңге қаржы бөлінді. Мақсат - алдағы екі жылда ішкі нарықты сүтпен толық қамтамасыз ету. Игерілмей жатқан жерлерді қайтару жұмыстары да жалғасуда. Кейінгі екі жылда 10 млн гектар жер мемлекет меншігіне қайтарылған. Оның игілігін еңбек еткісі келетін диқандар көреді. Алайда, ауыл шаруашылығы саласы жаңа сынақтарға тап болуда. Су тапшылығынан бөлек биылғы жазда шаруалар қуаңшылықтан қиындық көрді. Бұл өз кезегінде өнімділіктің төмендеуіне әсер етті. Бірақ, үкімет диқандарды қиын жағдайда қалдырған жоқ. Жан-жақты көмек көрсетті.
Әлихан Смайылов, Қазақстан Республикасының премьер-министрі:
- Жамбыл облысының фермерлерінің 3 млрд теңгеге шығыны өтелді. Астықты кептіру үшін жеңілдетілген бағамен дизель отыны бөлінді. Бәйтерек холдингі тарапынан тауар өндірушілердің қарыз мерзімі ұзартылды. Өсімдік және мал шаруашылығын субсидиялауға үкімет резервінен 60 млрд теңге қаржы бөлді. Оған қоса фермерлерді қолдауға 30 млрд теңге бөлетін боламыз.
Бюджеттің жартысы әлеуметтік салаға жұмсалады. Биыл елдегі зейнетақыдан бастап, барлық әлеуметтік төлемдер өсті. Бұған үкіметтен 4,6 трн теңге бөлінді. Ал зиянды еңбек жағдайларында жұмыс істейтін адамдарды қорғау үшін тиісті заң қабылданды.
Әлихан Смайылов, Қазақстан Республикасының премьер-министрі:
- Жыл басынан бері 1 млнға жуық адамға әлеуметтік қызметтер проактивті түрде көрсетілді. Және бұл жұмысты біз жалғастырамыз. Биыл 3 млн астам адамның жалақысын көтеруді жалғастырдық. Оның ішінде мұғалімдер, дәрігерлер, азаматтық қызметшілер бар. 943 мың адам жұмысқа орналастырлды. Оның 70 пайызы тұрақты жұмыс орнына.
Премьер министр шетел асқан заңсыз активтердің елге қайтарылуына да тоқталды. Арнайы комиссия белсенді жұмыс істеп, көлеңкелі экономикасының соңына шам алып түскен. Шетелге шығарылған офшорлар есепсіз, бірақ біртіндеп елге қайтарылуда.
Әлихан Смайылов, Қазақстан Республикасының премьер-министрі:
- Қайтарылған қаражат арнайы мемлекеттік қорда жинақталады. Сол қордағы қаражат денсаулық, білім беру, инфрақұрылымдық жобаларға жұмсалады. Өткен жылдан бастап мемлекетке 1 трлн теңгеге жуық активтер қайтарылды. Оның ішінде 600 млн доллар қаражат шетелден қайтарылды. Бұл жұмысты тұлғаның кім екеніне қарамастан жүргізетін боламыз. Заңда көзделген шаралар адал азаматтар мен инвесторларға бағытталмағанын айтып кетуім керек.
Қазақстан экономикасы бүгінде жаһандық сынақтарға бейімделіп, жаңа моделге көшуде. Үкімет инфляцияны төмендетіп, жыл сайын 25 млрд доллар инвестиция тартуды жоспарлап отыр. Басты меже Мемлекет басшысының тапсырмасына сай Ұлттық экономика көлемін 450 млрд долларға жеткізу.