Астық экспорты артып келеді
Өтіп бара жатқан жыл берекелі болды. Қиыншылық болғанмен астықты ысырапсыз жинап алдық.
Бұрынғыдай рекордтық көрсеткішке жетпегенмен мол өнім жиналды. Астықтың алды қазір экспортқа жөнелтілген.
Биылғы жазда құрғақшылық болғанмен күзге салым жауын селдетіп астық жинауда қиыншылық туындаған еді. Дегенмен диқандар егінін Үкіметтің көмегімен мезгілінде жинап алды.
Ерсайын Досымбетов, ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігі егіншілік департаментінің бас сарапшысы:
- Дәнді дақылдар 16,9 млн жиналды, ондағы өнімділік гектарына 9,8 центнер, ал былтырғы жиналған астықтың орташа өнімділігі гектарына 12-13 центнер. Бұл өнімділікке әсер етеді.
Иә, күн райының қолайсыздығы дақылдың өнімділігін төмендетті. Бірақ жиналған астық ішкі нарықты қамтамасыз етуден бөлек, экспортқа шығаруға да молынан жетеді.
Дамир Егізбаев, ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігінің баспасөз хатшысы:
- Неге десеңіз, жалпы 12 млн тонна таза бидай жинадық десек, оның ішіндегі мынау ішкі нарыққа ұн болсын, тұқымдық қор болсын оның барлығына да 6, ары кетсе 7 млн тонна бидай қажет. Ал қалғанын экспорттық-әлеуметтік қор деп айтуға болады.
Сонымен, биылғы экспорттық көрсеткіш жаман емес. Былтыр 12 айда 6,3 млн тонна бидай экспортталса, биылғы 9 айдың өзінде 6,2 млн тонна астық сыртқа шығарылды. Алда 3 айдың қорытындысы шықса, бұл көрсеткіш әлі ұлғаяды деген сөз.
Биылғы күн райы алдағы уақытта сақ болуға үйретті. Әсіресе егінге уақытылы орақ салу, ылғалданған бидайды кептіру, жанармайдың жеткілікті болуы үнемі назарда болады.
Ерсайын Досымбетов, ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігі егіншілік департаментінің бас сарапшысы:
- Сол облыстарға бейімделген дақылдарды егу бойынша министрлікпен бірлесіп, қосымша ұсынымдар дайындалып жатыр. Облыстарға өзінің климаттарына сәйкес ұсынылымдар жіберілетін болады.
Күзгі орақ науқанына 421 мың тонна жанармай бөлінген еді. Мұның сыртында ылғалданған бидайды кептіру үшін қосымша тағы 70 мың тонна дизель отыны жеткізілді. Енді, мемлекет шаруалардан тікелей 350 мың тонна астық сатып алу жайын қарастырып жатыр.
Мөлдір Молдағали, Нұрғали Мамырбаев, «24.KZ».