Ең төменгі жалақы жаңаша есептеледі
Елдегі ең төменгі жалақыны есептеудің жаңа әдістемесі әзірленеді. Бұл туралы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі мәлімдеді.
Ең төменгі жалақыны арттыру немесе оны жаңаша есептеу – уақыт талабы. Светлана Жақыпованың айтуынша, қазір 111 мың отбасы кедейлік шегінен төмен тұр. Яғни 500 мыңнан астам адам атаулы әлеуметтік көмек алады. Енді құзырлы министрлік ең төменгі жалақыны есептеудің жаңа әдістемесін әзірлеуге кірісті. Құжатта кәсіподақтар, бірлестіктер және қызметкерлердің пікірі қаперге алынды.
Светлана Жақыпова, ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі:
- Бұл әдістеме келесі жылы әзірленеді, сәйкесінше біз Еңбек кодексіне ең төменгі жалақы уәкілетті органның құзыреті екені туралы норманы енгіздік және бұл әдістеменің негізгі хабары – орташа жалақы мен еңбек өнімділігі пайдаланылды, ол бүгінге дейін болған жоқ.
Ең төменгі жалақыны арттыруды мемлекет басшысы тапсырды. Әзірге ең төменгі жалақы мөлшері – 70 мың теңге. Келесі жылы 85 мың болады. Жұмыс берушілер осы топтағы жұмысшылардың еңбекақысын өсіріп барып, қалған қызметкерлердің жалақысын қайта қарауға міндетті. Айтпақшы, жаңа есептеуден кейін төменгі жалақы мөлшері тағы өсуі мүмкін.
Светлана Жақыпова, ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі:
- Халықаралық стандарттарға сәйкес, мұндай көрсеткіш бар – Кейтц индексі. Бұл ең төменгі жалақының медианаға қатынасы. Келесі жылдан бастап ол шамамен 34% болуы мүмкін. Біз алдымызға 2030 жылға қарай 50 пайызға жетуіміз керек деген міндет қойып отырмыз. Әрине, бұл ең төменгі жалақының тікелей өсуі. Егер бүгінгі күні орташа жалақы 250 мың теңге болса, онда бес жылдан кейін қазіргі бағамен айтатын болсақ, ең төменгі жалақы 150 мың теңге, яғни тура 50 пайыз керек.
Жер шарындағы жалақының төмендігіне жаһандану мен автоматтандыру үдерісі себеп дейді мамандар. Әлемдік тәжірибеге сүйенсек, ең төменгі жалақы халықтың негізгі қажеттіліктерін қамтамасыз ететін деңгейде болу керек.
Экономист Сапарбай Жұбаев дәулетті жандардың айлығын көтере беру мәселені күрделендіріп тұрғанын айтады.
Сапарбай Жұбаев,экономист:
- Дәулетті адамдардың айлығын әр жылы 10%-ға көтере бермеу керек. Жыл сайын бюджеттен айлық алатындардың еңбекақысын көтереміз деген желеумен биліктегілердің, яғни, квазимемлекеттік мекемелердегі, қорлардағы, әкімдіктер мен министрліктердегі лауазымды тұлғалардың айлығы да бірге өседі. Осылайша, еден жуушының 100 мың теңге айлығына 10 мың қосылса, білдей топ-менеджердің 2 миллион теңге айлығына 200 мың қосылады. Инфляцияның бір себебі осында жатыр. Бізде соны шектеу керек. Мысалы, орташа айлық 350 мың деп жатырмыз ба? Осы сомаға дейінгі айлық алатындардың еңбекақысын өсіру керек.
Экономистер ең төменгі жалақының өзі күн көрісінен бөлек бір бөлігін жинаққа салатындай деңгейде болуы керек дейді. Сонда ғана халықтың тұрмысы әлдеқайда түзеледі. Яғни, сонда ғана маусымдық баға өзгерісі қалтаға салмақ салмайтын болады. Ал жаңа есептеулер бойынша 2024 жылы 1 млн 800 мың қазақстандықтың табысы артады.
Қазақстанның басты байлығы – халқы. Әлеумет әлеуеті – ел экономикасының айнасы. Бұл – анық.