«Күміс жас» жобасы бойынша 18 мың адамның жалақысы субсидияланды
«Күміс жас» жобасына өзгеріс енгізілгелі бері, зейнет алды жастағы адамдардың жұмыспен қамтылу деңгейі артты.
Олардың еңбек шарты бір жылдан үш жылға дейін ұзартылды. Сонымен қатар жалақысына мемлекет тарапынан төленетін субсидия көлемі ұлғайды.
Зейнеталды жастағы жұмыссыздардың екі қолға бір күрек таба қоюы қиын. Оның үстіне қолайлы еңбек шарты қажет. Бұл тұста «Күміс жас» жобасы оларға тиімді мүмкіндік берді. Бағдарлама қатысушылары үшжақты келісім арқылы түрлі мекемелерде жұмыс істеп жатыр.
Гүлнәр Мырзашева, балабақша тәрбиешісінің көмекшісі:
- Бұл жоба өте маңызды жоба екен. Жақсы, осындай адамдарға керек нәрсе. Өзім ризамын осы жұмысқа. Мында 30 бала тәрбиеленеді. Бірақ олар сағатпен-сағатпен келеді ғой. Сағат сайын 5 баладан, 6 баладан. Солармен жұмыстанамын.
Алғашында зейнетке шығуына бірер жыл қалған жұмыссыздарға ғана қолдау көрсетілсе, 2023 жылы әлеуметтік жобаға 50 жастағылардан бастап қабылданды. Олардың жалақысына мемлекет есебінен әр жылы 60-тан 70 пайызға дейін демеу-қаржы қосылады. Ал жұмыс берушілер келісімшартты ұзарту жөнінде бірқатар міндеттеме алды.
Аяулым Берекенова, ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің басқарма басшысы:
- Үш жылдан кейін, мысалы, егер ол адам зейнеткерлік жасқа толмайтын болса, мысалы, 53 жасында шығып кеткен азаматты жұмыс беруші тағы бір жыл тұрақты жұмыспен қамту керек. Ал егер адам зейнеталды жаста болса, мысалы, 58-59 болса, ол кісі пенсияға шыққанша жұмыспен қамту керек.
Бағдарлама аясында екі жыл ішінде 18 мың адам еңбекке тартылған. Тиісті шараларды жүргізуге 9,5 млрд теңге жұмсалды. Бұл қаражат былтырмен салыстырғанда үш есе көп.
Аяулым Берекенова, ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің басқарма басшысы:
- Жұмысқа орналасқандардың көбісі Түркістан, Қызылорда, Алматы, Қарағанды, Ақтөбе облыстарында. Ал енді жобаға қатысушылардың ең аз саны СҚО және Ақмола облысында болып отыр. Жас категорияларына байланысты алып қарайтын болсақ, көбінесе бізде 50-55 жас аралығындағы азаматтар жұмысқа тұруда көптеп.
Мамандардың айтуынша, жоба бұл санаттағылардың экономикалық белсенділігін арттыра түскен. Оған қатысуға өтініш білдірушілердің қатары көбейді. Әлеуметтік қолдаудың тиімді тетігі алдағы уақытта да кеңінен қолданылады, дейді мамандар.
Еркебұлан Смадияров, Руслан Әлиев