Ел экономикасы. Инвестиция vs инфрақұрлым
2029 жылға қарай экономиканы 450 млрд долларға дейін жеткізу керек.
Яғни Үкімет алдында қазіргі көрсеткішті 2 есе ұлғайту міндеті тұр. Бұл үшін кемінде 150 млрд доллар шетелдік инвестиция тарту қажет.
Иә, қазірдің өзінде елімізде инвесторлар үшін қолайлы жағдайлар жасалып жатыр. 2023 жылдағы нәтижелер қандай?
Өткен жылдың қорытындысы бойынша елге 28 млрд доллар инвестиция тартылуға тиіс. Әрине, уақыт бар. Сандар тағы нақтыланады. Осы орайда Үкімет басшысы біздегі әлеуетті жоғары бағалап отыр.
Қазір Қазақстан – Орталық Азия аймағындағы тікелей шетелдік инвестициялардың жалпы ағыны бойынша көшбасшы мемлекет. Әлихан Смайыловтың айтуынша, жаһандық сын-қатерлерге қарамастан, бізге деген сенім басым. Тіпті кейінгі 10 жылдағы рекордтық көрсеткіш орнады.
Инвестициялық белсенділік деңгейін одан әрі арттыру үшін 1000-ға тарта жобадан тұратын жалпыұлттық пул құрылды. Құны 32 трлн теңгеден асады. Үкіметтегі Инвестициялық штаб та межелі міндетті орындауға атсалысады.
Экономикалық зерттеу институтының сарапшылары Маңғыстау, Павлодар, Атырау, Батыс Қазақстан және Ұлытау облыстарында инвестициялық белсенділіктің төмендеу қаупі бар дейді. Дәл қазір жағдай жаман емес. Тек инфрақұрылым тұрғысынан саралағанда өңірлік стандарттар жүйесі төмен екені байқалады. Ал Астана мен Ақтөбе қалалары инвестиция тартудан да, инфрақұрылымды дамытудан да көш басында.
Дина Бектілеева, экономикалық зерттеу институтының сарапшысы:
- Өңірлердің инвестициялық белсенділігі мен олардың әлеуметтік, инженерлік, көлік инфрақұрылымының жай-күйі өзара байланысты екені баршаға мәлім. Бір жағынан, олардың инфрақұрылымының жай-күйі өңірдің инвестиция көлеміне байланысты болады. Мысалы, егер инвестиция көлемі артса, онда әлеуметтік, инженерлік, көлік инфрақұрылымының жай-күйі де едәуір жақсара түседі. Екінші жағынан, өңірдегі инфрақұрылымның жай-күйі өңірлердің инвестициялық тартымдылығы факторларының бірі екені анық.
Өзге аймақтарға инвестициялық тартымдылық пен белсенділікті арттыру қажет. Ол үшін еңбек ресурсына көңіл бөлу маңызды.
Еңбек ресурстарын дамыту орталығының мәліметі бойынша, алдағы 25 жылда елдегі жұмыс күші 12 млн-ға жетуге тиіс. Өңірлерге шаққанда, кей аймақтарда адами капитал азаюы мүмкін.
Дмитрий Шумеков, Еңбек ресурсын дамыту орталығы болжау және зерттеу департаментінің директоры:
- Солтүстік Қазақстан облысында жұмыс күшінің 45%-ға қысқару қаупі бар. Сонымен бірге, жұмыс күші азаятын өңірлердің қатарына Қостанай, Абай және Павлодар облыстары кіріп отыр. Мәлімет аз болғандықтан, Жетісу өңіріндегі жұмыс күшінің өсуі не кемуі жайлы нақты айту қиын. Әзірге қысқарады деген болжам ғана бар.
Мамандар әлеуметтік, инженерлік, көлік инфрақұрылымымен қамтамасыз ету жақсарған сайын, инвесторлар үшін де өңірдің тартымдылығы жоғары бола түсетінін айтады.
Иә, елге қаржы құюға ынталы елдердің қатары артып келеді. Былтыр Қатар, Сингапур сынды бірқатар елдің Үкіметімен инвестицияларды өзара қолдау және қорғау жөнінде келісім жасалды. Оның барлық тарапта тиімді болуы маңызды. Бұл – анық.