Мемлекеттік грант – кәсіпкерлік мүмкіндігі
Ақтөбе облысының 500-ден астам тұрғыны қайтарымсыз грант алып, кәсіпкерлікке қадам басты.
Жұмыссыз тұрғындарды қолдап, тұрақты табыс көзін ұйымдастыру мақсатында 2023 жылы бюджеттен 774 млн теңге бөлінген.
Бұл қаржы «Бизнес бастау» бағдарламасымен білім алып, жеке кәсібін ашуды көздеген азаматтарға үлестірілді.
Альфия Алпыспаева – жас модельер. Киімнің жаңа үлгілерін тіккенді ұнатады. Алайда әзірге негізгі табыс көзі – қыз жасауы дейді. Мектепті тәмәмдаған соң шетелге жоғары оқу орнына түсіп, халықаралық компанияларда еңбек етуді армандағанымен денсаулығына байланысты елге оралады. Алты ай бұрын мемлекеттік грантқа қол жеткізіп, қажетті тігін машинкаларын сатып алып, жеке ісін бастап кеткен.
Альфия Алпысбаева, кәсіпкер:
- Этно-ұлттық стиль, модерн-заманауи стиль. Екеуін ұштастырған кезде пайда болған менің идеям. Қазіргі таңда, міне көріп тұрғаныңыздай, үстімдегі киімім бәрін осылай қолдан тігемін этно-модерн стилінде. Кимоно-шапандар, сөмкелер, тақиялар тігіледі. Сол бағытты өзім алып кетуге бел байладым.
2023 жылы Ақтөбе облысының 561 тұрғыны қайтарымсыз грант иегері атанды. Барлығы да кәсіпкерлер мен депутаттардан, қоғам белсенділерінен құралған комиссия алдында бизнес-жоспарын қорғап, бастапқы капиталға 1 млн 380 мың теңгеден иемденген. Бұл қаржыға шаһар тұрғындары түрлі шағын өндіріс орындарын ашса, ауылдағы ағайын құс және мал шаруашылығына жұмсаған.
Бибігүл Бисенғалиева, облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әб басқармасы басшысының орынбасары:
- Бұл гранттар аз қамтылған отбасыларына атаулы әлеуметтік көмек алатын, көпбалалы отбасыларға, асыраушысынан айырылған отбасыларға және жұмыс істеуге қарсы көрсетілімдері жоқ, мүгедектігі бар азаматтарға беріледі. Бірден бір талабы – "Бизнес бастау" арқылы кәсіпкерлік негіздеріне оқытылған, мерзімі үш жылдан аспаған сертификаты болу міндетті.
Алдағы жылдарда «Бизнес бастау» бағдарламасымен Ақтөбе облысының 5500-ден астам тұрғынына кәсіпкерлік негіздерін үйрету көзделген. Сәйкесінше мемлекеттік қайтарымсыз грант бөлу де жалғасады. 2024 жылы кәсібінің тиімді әрі өміршеңдігін дәлелдеген 600-ге жуық үміткерге қаржы бөлу жоспарланып отыр.
Мансұр Есқожин, Айнадин Молдабеков, Айбек Даутов, 24.KZ, Ақтөбе.