Үкімет Ұлттық қордан қосымша қаражат алмайды. Бұл - Нарық!
Биыл Қазақстанның жалпы ішкі өнімі 4%-ке дейін өсуі мүмкін.
Қазақстан қаржыгерлер қауымдастығы осындай болжам жасады. «Инфрақұрылымдық жобаларды іске асыру, шикізат өндірісін ұлғайту және елдегі ақша-кредит саясаты экономикалық белсенділікті қалыптастырады», - дейді сарапшылар.
Ұлттық банк экономиканың өсімін 3,2-4,2%-ға, ал қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі - 3,6%-ке бағалайды. Агенттіктің мәліметінше, осы жылы экономиканың өсу қарқыны Үкіметтің айтқан 5,3%-ке жетпеуі мүмкін. Халықаралық валюта қорының болжамы да осыған саяды.
Үкімет 2024 жылы Ұлттық қордан қосымша қаражат алмайды. Мұны Мәжілісте Ұлттық экономика министрі Әлібек Қуандықов мәлімдеді. Жоспарлы траснферт Заңда белгіленгендей тек 2 трлн теңге болады. Оның мөлшері 2023 жылмен салыстырғанда 10%-ке төмендейді деді министр. Биыл нысаналы трансферт шамамен 1,6 трлн теңгені құрайды. Ал былтыр Үкімет Ұлттық қордан 1 трлн 800 млрд теңге алды.
Мақсат Халық, экономист:
- Үкіметтің үш жылға жасалған бюджетке қарайтын болсақ, Ұлттық қор трансферттерін төмендету жоспарланған. Үкімет осы жерде бюджет саясатын жүргізгенде фискалды саясатты жүргізген кезде барынша контрциклды сипатқа жұмыс жасау керек. Егер геосаяси жағдайлар тұрақты болса, көлік логистика саласында Қазақстан үшін тағы да ыңғайлы шарттар орындалса, онда Қазақстан экономикасы осы тұрақты өсімін әрі қарай жалғастырады деп айтуға негіз бар.
Ұлттық қордан $ 1,1 млрд валюта сатылады
Қаңтар айында Ұлттық Банк Ұлттық қордан 1,1 млрд долларға дейін валюта сатуды жоспарлап отыр. Бұл республикалық бюджетке трансферттерді бөлу үшін қажет. Айта кетейік, 2023 жылдың желтоқсан айында Ұлттық қордан 646 млн долларға валюта сатылды. Ол республикалық бюджетке трансферт қамтамасыз ету және «ҚазМұнайГаз» акцияларын сатып алуға бағытталған. Бұл туралы Ұлттық банктің валюта нарығы жайындағы хабарламасында жазды. Өткен жылдың аяғында төл валюта 0,8%-ке нығайып, 1 АҚШ доллары 454 теңге болды. Ұлттық Банк Ұлттық қордың қаражатымен операциялар жүргізгенде нарықтық бейтараптықты сақтайды. Бұл шетел валютасын ұдайы және біркелкі сату дегенді білдіреді.
Қазақстанда жылдық тұтынушылық инфляция баяулады. Бұл екі жылда алғаш рет тіркелген көрсеткіш. Ұлттық статистика бюросының дерегіне сай, тұтынушылық инфляция жылдық мәнде 9,8%-ке дейін төмендеді. 2023 жылы тұтынушылық инфляция 10 ай қатарынан баяулады.
Бірақ бірқатар өнімнің құны өсті. Мысалы, өткен жылғы желтоқсанмен салыстырғанда күріш 34%, минералды және ауыз су 18%, алкогольді ішімдіктер және темекі 15%, жұмыртқа мен сары май да қымбаттады. Ал қарақұмық жармасына мен сұйқы май, қант арзандады. Бір жылда коммуналдық қызметтердің құны да өзгерді. Тарифтерге келсек, қоқыс шығару 33%, орталық жылыту 26%, ыстық және суық құны 22%-тен астам, электр энергиясы 19%-ке өсті.
Сарапшылардың пікірінше, өткен жылдың соңғы айындағы деректер инфляцияның тұрақтылығын көрсетеді. Жылдық динамиканың баяулауы және айлық көрсеткіштердің құбылмалылығы бұған дәлел.