Елімізде 11 айда 124 мың жеңіл көлік шығарылды
Ел іші көлік арзандады деп қуанып жүр.
Тіпті алда бұдан да арзандайды деген пікірлер айтылып қалады. Өйткені Қазақстан мен Қытайдың арасында шекара ашылды. Әрлі-берлі ағылған жұрттың көбі, әрине, ол жақтан көлік алғысы бар. Бұл бір.
Екіншіден, отандық өндіріс те бәсекеге қабылетті көлік шығара бастады. Былтыр 11 айда елдегі автокөлік жасаушылар жалпы құны 1,65 трлн теңгенің өнімін өндірген. Оның ішінде 124 мың жеңіл көлік құрастырылды. Өсім 40%-ке жуық.
Сөйтіп, қазақстандықтардың таңдауы қандай көлікке ауған?
Былтыр көпшіліктің мінгені «Кобальт» болды. Мұны Қазақстан автокөлік одағы ұсынған ресми дерек растап отыр. 11 айда отандық зауыттар осы үлгінің 23 198 данасын шығарды. Одан кейін елдің ықыласы түскен үлгілер – Hyundai Tucson мен Kia Sportage. Ал жалпы жұртшылық былтыр 175 мың жаңа автокөлік сатып алған. Бұл алдыңғы жылмен салыстырғанда 60%-ке көп.
Дархан Айдаулов, «Қазақстанның автокөлік одағы» өкілі:
- Бұл не деген сөз? Ол қазақстандықтардың отандық өнімге деген сенімін білдіреді. Біздің сатып алушылардың, тұтынушылардың санатында әртүрлі деңгейдегі табыстары бар адамдар бар. Олардың қандай қаржыландыру үлгісін алатын болсақ, мысалы, өздерінің қолма-қол ақшасына немесе тиісті несиелік бағдарламалар бойынша екінші деңгейлі банктерді қолдана отырып, өздеріне автокөлік сатып алды. Оның ішінде, әрине, 2023 жылы енгізілген, жеңілдетілген несиелеу бағдарламасы шеңберінде сатып алынған автокөліктер бар.
Рухани Асқар, тілші:
- Мамандар былтыр елімізде ең көп шығарылған жеңіл көлік брендтерінің қатарында оңтүстіккореялық Hyundai көш бастағанын айтты. Алматыдағы кәсіпорындар осындай 45 мыңнан астам темір тұларды ішкі және сыртқы нарыққа жөнелтті. Одан кейін сұранысқа анағұрлым ие болған Chevrolet маркалы 37 мыңға жуық көлік өндірілсе, 23 мың шамасында Kia, 17 мың JAC құрастырылды. Танымал бестіктің қатарында Jetour көлігі де бар.
Айтпақшы, соңғы екеуі – қытайлық бренд. Қостанайдағы автозауыт өндіреді. Сонымен қатар кейінде біздің елге көрші мемлекеттің өзге де темір тұлпарларының импорты артқан. Былтырғы 10 айда 45 мың жеңіл көлік Қытайдан келді. Өйткені ел Президентінің Қытаймен арадағы келіссөздері жемісін беріп, екіжақты сауда қыза түскен. Сарапшылар Қазақстан шетелдік көлік импорты үшін ашық екенін айтады. Себебі тұтынушының талғамы әралуан.
Артур Мискарян, Автокөлік нарығын мониторингілеу және талдау орталығының бас директоры:
- Осы жылы нарық қатысушылары логистика желісін қайта құруға мүмкіндік алды. Қытайлық әріптестер тарапынан премиалды брендтер бойынша да баламалар пайда болып, олардың бірқатары Қазақстанға келді. Бұған дейін белгілі себептерге байланысты біздің нарықтан кетуге мәжбүр болған бөліктің орны толды. Осылайша, альтернатива табылды, ал азаматтардың төлем қабілеті сақталып отыр.
Мамандар отандық автонарық үздіксіз әрі тұрақты дамып келе жатқанын айтады. Былтырғы көрсеткіштер оптимистік болжамдарды растаған. Тіпті пандемия кезіндегі дағдарыс пен халықаралық саяси ахуал салдарынан импорттың төмендегеніне қарамастан, 2022 жылдың өзі автонарық үшін азды-көпті табыс әкелген. Алдағы уақытта жаңа көліктердің бағасы тұрақталады деген болжам бар.
Артур Мискарян, Автокөлік нарығын мониторингілеу және талдау орталығының бас директоры:
- Расында да, кейбір тауар санаты бойынша бағаның 15% деңгейінде төмендеуі байқалады. Бұл немен байланысты? Соңғы жылдары нарықтағы қатты тапшылық көлік құнының көтерілуіне себеп болып келді. Енді жекелеген брендтердің бірқатар үлгісіне баға тұрақтануы мүмкін.
Отандық автозауыттар құрастырып жатқан өнімдердің басым бөлігі – жеңіл көлік. Мұның сыртында былтырғы 11 айда 8200 жүк көлігі, 2600-ден астам автобус, мыңнан астам тіркеме және 540 өзге де арнайы техника конвейерден шықты.
Авторлары: Рухани Асқар, Ақылбек Есемсейіт.