Елде үйдің бағасы арзандады
Елде үйдің де бағасы арзандаған. Бірақ бұл жағдай құрылысшыларды алаңдатып отыр. Өйткені салған үй өзін ақтамайды.
Ал баспана бағасы арзандай берсе, құрылысшылар жұмыссыз қалуы мүмкін.
Құрылысшылар үшін ендігі үміт – жаңа ипотекалық бағдарламалар. Егер ипотека көптеп берілсе, ел жайлы үй алуға немесе баспанасын одан әрі кеңейтуге ұмтылады. Сонда ғана сұраныс артып, құрылыс қарқын алады.
Былтыр елде жалға берілетін пәтер ақысы біршама тұрақты болды. Тіпті желтоқсандағы баға қарашаға қарағанда шамамен 2%-ке арзандаған. Көрсеткіштерге сүйенсек, қазір жалдау ақысы қымбат қалалар көшінде Алматы тұр. Ақтаудағы баға өзгелермен салыстырғанда арзандау. Жалпы ел бойынша орташа жалдау ақысы 1 шаршы метрге есептегенде 3 мың теңгеден асады.
«Өз үйім – өлең төсегім» деп бекер айтпаса керек. Көпшілік қарызға батса да, жеке баспанасын қамдап алуға ұмтылады. Алайда қолжетімді ипотекалық бағдарламалар көп емес. Ұлттық банктің дерегі бойынша желтоқсанға дейін елдегі ипотекалық портфель 5,2 трлн теңгені құрады. 11 айдағы көрсеткіш 600 млрд теңгеге өскен. Алайда бұл алдыңғы жылдан 2 есе аз. Яғни, халыққа 1,5 трлн теңгеге жуық ипотекалық несие берілген.
Қалай дегенмен де сатып алу-сату келісімдері бұрынғыдай бола қоймас. Бұл өз кезегінде құрылыс қарқынының төмендеуіне алып келеді. Оған себеп көп. Тіпті кей сарапшылар құрылыс компаниялары банкротқа ұшырауы мүмкін деп отыр. Сондықтан үй алушылар сенімді құрылысшылармен ғана жұмыс істеу керек.
Виктор Микрюков, Қазақстан құрылысшылары қауымдастығының президенті:
- Тұрғын үй нарығында халыққа қолжетімді ипотека аз. «7-20-25» бағдарламасы бойынша қаржыландыру төмендеді, ал «Отбасы банк» несиелеу шарттарын өзгертіп жатыр. Мұның бәрі сұраныстың төмендеуіне алып келеді, себебі өзге бағдарламалар әзір қолға алынған жоқ. Өңірлерде де ахуал осындай.
Жалпы бүгінде елімізде 2,5 млн адам баспанаға мұқтаж.
Вячеслав Лазарев, құрылыс компаниясының бас директоры:
- Елдегі құрылыс нарығын болжау қиын. Қазір салынып жатқан үйлердің санын арттырғанымызбен, сатып алу-сату келісімінің 40%-ке төмендегенін байқап отырмыз. Оған, әрине, ипотекалық бағдарламаның аздығы себеп. Бұл құрылысшыларды да әуреге салып тұр. Қаржы уақытылы түспесе, құрылыс мерзімі ұзарып кетуі мүмкін.
Сарапшының сөзінше, қазір комфорт санаттағы 1-2 бөлмелі пәтерлер сұраныста. Әлбетте көбі Отбасы банк арқылы рәсімделген. Әрі келешекте халық екінші нарықтағы үйлерге басымдық бере бастайды.
Дегенмен баспана қолжетімді болуы үшін халыққа мүмкіндік жеткілікті. Биыл жастарға арналған «9-20-25» ипотекасы іске қосылады. Жаңашылдық баспана құнын тағы 10%-ке өсіруі мүмкін. Бірақ елде инфляция мен базалық мөлшерлеме төмендер болса, 2024 жылдың соңы мен 2025 жылдың басында ипотеканың жылдық мөлшерлемесі 12%-ке дейін түсуі ықтимал.
БҰҰ-ның әлеуметтік стандарты бойынша бір адамның жайлы өмір сүруі үшін тым болмаса 30 шаршы метр тұрғын үй керек. Енді біздің елде сол бір адамды 30 шаршы метр баспанамен қамту үшін қорды 110 млн шаршы метрге ұлғайту қажет. Мемлекет басшысы да тұрғын үй саясатын қайта қарауды міндеттеді. Әрі баспананың мейлінше әділ әрі икемді болуын қамтамасыз ету керектігін айтты.
Жаңағы айтқан «9-20-25» бағдарламасы қазір әзірленіп жатыр. Жоспарға сай жыл сайын бюджеттен 150 млрд теңге бөлінеді. Оның игілігін 8 мың адам көре алады. Бұл – анық.