«Сақалды құрылысты» инвестор қолға алды
Өскеменде құрылысы ұзаққа созылған нысанның бірі алдағы 3 айдың мұғдарында елдің игілігіне беріледі.
Бұл - мамандандырылған Халыққа қызмет көрсету орталығы. 2014 жылы басталған жоба жемқорлық дерегіне байланысты тоқтап қалған еді. Бағдарлама жетекшісі істі болған. Құрылысы тоқтап, жұмысы тұралап қалған нысан енді жеке инвестордың қаржысына салынады.
Өскеменде жүргізуші куәлігі әлі күнге бұрынғы ереже бойынша беріледі. Автокөлік басқару емтиханын оқу комбинатында тапсырады. Ал тестілеу қаланың екінші шетіндегі Халыққа қызмет көрсету орталығында өтеді. Осы олқылықты жою мақсатында жергілікті қазына қаржысына жүзеге асуы тиіс арнаулы орталықтың құрылысы 2014 жылы қолға алынған болатын. Алайда сол кездегі мемлекеттік сатып алу басқармасының басшысымен байланысы бар деген мердігер ұтып алған жобаны сараптай келгенде, 77 млн теңгенің жұмысы орындалмағаны анықталды. Экс шенеуніктің дүние мүлкі тәркіленіп, 5 жылға шартты жаза кесілді. Аяқсыз қалған құрылыс енді мемлекеттік-жекеменшік әріптестік шеңберінде жүзеге асады. Инвестор 900 млн теңге көлемінде инвестиция салмақшы.
Дидар Кеңесбаев, облыстық құрылыс, энергетика және ТҮКШ басқармасының басшысы:
- Құрылыс толықтай инвестордың қаржысына салынады. Одан әрі «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясымен бірлесе жұмыс жасайтын болады. Бұл жергілікті бюджет үшін көп жеңілдік болғалы тұр. Мердігер ұйым құрылыс жұмыстарын наурыз айына дейін аяқтауды жоспарлап отыр.
Құрылысты бұдан әрі созу экономикалық тұрғыдан тиімсіз. Салған қаржысын ақтау үшін инвестор жұмысты жеделдетіп, орталық аумағына техникалық қызмет көрсету станциясы секілді қосымша кәсіпорындар салуға ниетті. Барлық инженерлік-коммуникациялық жұмыстар бюджет қаржысына жүргізілді. Мамандандырылған Халыққа қызмет көрсету орталықтарын мемлекеттік-жекеменшік әріптестік аясында салу осыған дейін Шымкент қаласында сәтті жүзеге асқан еді.
Дастан Оразалинов, инвестор:
- Бұл жерде үлкен кешен болады. Автокөлік иелерінің уақытын үнемдейді. Осыған дейін Шымкент қаласында тиімділігі дәлелденген жоба. Теориялық және тәжірибелік емтихандарды бір жерде тапсырады және көлікке кешенді қызмет ұсынылады.
Мемлекеттік-жекеменшік әріптестік аясында жүріп жатқан құрылыс жұмыстары алдағы уақытта да Жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің бақылауында болады.
Денис Шакенов, ШҚО сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл департаментінің басшысы
- Мамандандырылған қызмет көрсету орталығын салу жұмыстары – өте өзекті мәселе. Күн сайын мониторинг жүргізіп отырмыз. Атқарылған жұмыстар жіті бақылауда. Жергілікті атқарушы органмен бірлесе жұмыс атқарып келеміз.
Ресми статистика бойынша, жылына облыс бойынша 10 мың адам жүргізуші куәлігін алады. 3 қала мен 9 ауданның тұрғындарына осы жерде қызмет көрсетілетін болады. Мұның өзі жеткіліксіз болғандықтан, болашақта Алтай ауданында осындай тағы бір орталық салынуы мүмкін.
Авторлары: Елдос Кәкенов, Вячеслав Ветлугин, Дмитрий Пыхтин