Шымкентте жаңа мешіт ашылды
Шымкентте бір мезетте 12 мыңнан аса адам құлшылық ете алатын мешіт ашылды.
Шараға Қазақстан Мұсылмандары Діни басқармасының төрағасы Наурызбай қажы Тағанұлы мен дін ғалымдары, мемлекет және қоғам қайраткерлері қатысты. Сәулетті келбетімен ерекшеленген діни орталық демеушілер есебінен әкімшілік іскерлік орталығында бой көтерді.
Мәрмәрмен көмкерілген жаңа мешіттің ашылуы жұма намазына орайластырылды. Еліміздің бас мүфтиі бас имамын тағайындап, көпшілікке таныстырды.
Діни кешен ұлттық нақышпен безендіріліп, класссикалық ислам үлгісімен үйлесім тапты. Күмбездің биіктігі 56 метр болса, мұнарасы 63 метрден асады. Ішінде ерлерге арналған мінәжат залдары мен әйелдердің оқу бөлмелері де қарастырылған. Кітапхана, асхана, мәжіліс залы мен 100 орындық неке қию сарайы бар.
Серікжан Сейітжанов, кәсіпкер:
- Медресе қызмет етеді. Соған оқимын деген, Ислам дінінде ілім алам деген кісілердің барлығын шақырамыз. Мен әдейі фонд аштым. Оқимын деген азаматтарды біз өзіміз тегін оқытамыз.
Мешіттің ашылуына Сауд Арабиядан шейх Осман Тоһа арнайы қатысты. Ол көпшілікке құран кітабын қолмен жазып, әлем елдеріне миллиондаған данамен таратушы ретінде жақсы таныс.
Шейх Осман Тоһа, Құран кітабын жазған каллиграф:
- Қазақстанға ата-бабамның отаны, кіндік қаны тамған жерге алғашқы рет келуім. Жүректерінде дінге деген махаббаты бар сондай жомарт халық екен. Келгеніме қуаныштымын.
12 гектар аумақты алып жатқан мешіттің мың көлікке арналған жерасты тұрағы бар. Төрт гектары абаттандырылып, ашық аспан астында 10 мың адам намаз оқитын алаң қарастырылған.
Асылхан Өмірзақұлы, Алматы қаласының тұрғыны:
- Елдің мінажат етуіне барлық жағдай жасалған. Намаз оқитын жері, ғибадат ететін медреселер барлығы бар. Өте әсерлі жақсы мешіт болды.
Мешітке Қожа Ахмет Яссауи кесенесінің сәулет технологиясы қолданылған. Яғни табиғи ауа ағынымен желдетіліп, жылытылады. Осылайша Сейітжан қари Есжанұлының аты берілген діни кешен қаладағы сәулетті орындардың біріне айналды.
Нұрсұлтан Мұхамеджан, Самат Нағашбекұлы, Нұрмахан Бекмұратов