«Ұлы дала жорығы»: Бәйгеде арулар азаматтармен тең түсті
Бес күнге созылған «Ұлы дала жорығы» марафон бәйгесі аяқталды, деп хабарлайды 24KZ.
Сөреден 19 өңірдін командасы шығып, мәреге тек 10 команда жетті. Бұл жорықта бөріктілермен қатар бұрымдылар да бақ сынады. Қостанай облысының атынан шыққан «Томирис» қыздар командасы жорықты 4-ші кезеңде аяқтады.
Зарина Кәп, тілші:
- Ұлы дала жорығы – қазанат пен азамат сыналатын бәйге. Алайда арғымақ мінген арулар да азаматтармен тең түсті. Жорықты ерте аяқтаса да, әр кезеңдегі көрсеткіші жоғары. Бірі екінші жыл бақ сынаса, бірі алғаш рет жорық жолына шыққан.
Асауды бас білдіріп, талай тұлпардың бабын тапқан топ басшысы Анна Исмаилова жылқыны жанына серік еткелі 11 жыл. Тұңғыш баласының дертімен күресу үшін иппотерапияға барған. «Баламды үйретіп жүріп өзімнің де қызығушылығым артты», - дейді.
Анна Исмаилова, топ басшысы:
- Жылқыны жанымдай жақсы көремін. Балама ем-дом жасау үшін алдымен өзімнің үйренуім керек болды. Кейін әдетке айналды. Жорыққа биыл екінші рет қатысып жатырмын. Күн райының қолайсыздығы болмаса, бәрі жақсы болды. 400 шақырымнан кейін атымның күйі келмей, жорық жолынан шығып қалдым.
Ал Динара Жанпейісова биыл бірінші рет қатысқан. «Аттарға қиын болмаса, өзіміз шаршаған жоқпыз», - дейді.
Динара Жанпейісова, қатысушы:
- Көбінесе аттарға ауыр болды деп ойлаймын. Жолдардың әсерінен. Негізі адам қатты шаршамайды. Шаршағаның басылады келесі күнге дейін. Бұрынғы ата-бабаларымыздың өмірін сезінгендей болдық. Аттың үстінде, табиғат. Әдемі жерлер болды.
Арулар тақымдаған тұлпарлар Қостанай жылқысы. «Арнайы елге таныту үшін, бабын көрсету үшін таңдадық», - дейді бапкер.
Самат Сүлейменов, жаттықтырушы:
- Жаңбырлы күндер болды, қатты желді күндер де болды. Кейбір қыздар бірінші рет қатысып жатыр мұндай жобаға. Оларға, әрине, қиын болды. Арамызда Аня мен Евгения бар. Олар былтыр қатысқан, ол қыздарға жеңілдеу болды. Қостанайдың жылқысын дәріптеу үшін сондай шешімге келдік. Қостанайдың жылқыларын алу үшін.
Тайбурылға түтікпенен су беріп, түндікпенен күн берген Құртқа мен ат жалында жауға шапқан Бопайлардың ізін жалғаған бұл арулар тек өз қызығушылығын ғана ойламайды. Бүгінде әрқайсысы шәкірт тәрбиелеп, балаларды ат спортына үйретіп жүр.
Авторлары: Зарина Кәп, Ғалымжан Абдылахат