Өңдеу өнеркәсібі өңірлерге өң береді
Мемлекет басшысы былтырғы Жолдауында 2029 жылға қарай ұлттық экономиканың көлемін
екі есеге арттырып, 450 млрд долларға жеткізу жоспарланғанын айтты. Ауқымды өнеркәсіп жобаларын жүзеге асырып, инвестиция тарту арқылы бұл межеге жетуге болатынын жуырда берген сұхбатында тағы мәлімдеді. Өндірісті өңір саналатын Атырау облысы соңғы жылдары ел экономикасына елеулі үлес қосып келеді. Өңірде 2023 жылы 48 млн тонна мұнай мен 25 млрд текше метр ілеспе газ өндірілген. Ал негізгі капиталға салынған инвестиция көлемі 2 трлн 700 млрд теңге болып отыр. Десе де, сарапшылар айтуынша, кенже қалған өңдеу өнеркәсібін жандырып, агроөнеркәсіптік кешенді дамыту керек.
Мұнайлы өңірдің былтырғы өнеркәсіп өнімі 10 трлн теңгеге жуықтады. Жалпы құны 23 млрд 600 млн теңге болатын 3 инвестициялық жоба іске қосылды. Тағы бесеуі қолға алынған. Ал экспорт көлемі 24 млрд теңгеге жетті. Дегенмен өңір тұрғындарын жергілікті сапалы азық-түлікпен қамту мәселесі толық шешімін таппаған. Облыс кей өнімдерді көрші өңірлер мен шет елдерден тасып отыр.
Полымбет Хасанов, облыстық кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасының басшысы:
- Өңір экономикасы мұнай және газ саласына бейімделуіне байланысты бірқатар азық-түлік өнімі көршілес облыстар мен өзге мемлекеттерден тасымалданады. Дей тұрғанмен облыста өзімізде өндірілетін өнімдер де баршылық. Атап айтатын болсақ, жылқы, сиыр, қой еттері, шұжық, макорон, ұн, көкөніс өнімдері, жұмыртқа, нан және кондитерлік өнімдер, балық, консерві, жартылай фаврикат өнімдері өндіріледі.
Мұнай-газ саласымен қатар еліміздің әр өңірінде өңдеу өнеркәсібін жандандыру керек. Сарапшылар осындай пікір айтады. Мысалы, Атырау өңірінде жүн мен тері, сондай-ақ сүт өнімдерін өңдеу кенже қалып келеді. 10 шақты жыл бұрын ашылған жүн өңдейтін жалғыз кәсіпорын жергілікті қойдың жүнін өңдеуге жарамсыз боп шықты. Қыруар қаржы бөлініп салынған нысан қазір істен шыққан.
Күлән Нұрсұлтанова, экономика ғылымдарының кандидаты:
- Өңдеу тек мұнай-газ саласын ғана емес, барлық саланы қамту керек. Агроөнеркәсіп кешенін дамыту арқылы біз халықты сапалы өніммен қамтып қана қоймай, экспорт көлемін де ұлғайтамыз. Шетелге шикізатты шығарғаннан гөрі дайын өнімді экспорттау әлдеқайда пайда әкелетіні белгілі.
Өңдеу өнеркәсібіндегі былтырғы өнім көлемі 2022 жылмен салыстырғанда 5,6 пайызға ұлғайып, 626 млрд 300 млн теңге болды. Егер бұл сала жанданса экономикалық даму да қарқынды болар еді.
Асланбек Шығыр, тілші:
- Былтырғы қорытынды бойынша еліміздің ішкі жалпы өнімі 259 млрд доллардан асты. Бұл 2022 жылмен салыстырғанда 15 пайызға артық. Дегенмен, ауқымды өнеркәсіп жобаларын жүзеге асыру арқылы 2029 жылы 450 млрд долларға жеткізу көзделген. Мемлекет басшысы инвестиция тартудың да маңызы зор екенін айтты. Өңірде былтыр жалпы құны 24 млрд теңгеге жуықтайтын 3 инвестициялық жоба жүзеге асқан.
Асланбек Шығыр, Айбек Байзақов