Әлеуметтік төлемдердің 41 түрі төленеді
Биылғы жылдың бір қуанышты жаңалығы: зейнетақы өсті, жәрдемақы ұлғайды.
Жалпы жәрдемақы, зейнетақы көлемі жыл сайын ұлғайып отыр. Мұның сыртында мысалы, былтыр құтқарушылардың жалақысы 70 пайызға, орманшылардың жалақысы 100 пайызға көтерілді. Әрине, елдің әл-ауқатының артқаны жақсы, мұндай өзгерістердің биыл да жалғасын табатыны сөзсіз.
Тағы айтып өтер мәселе, былтыр барлық жәрдемақы мөлшері 8,5 пайызға өсті. Бұл 2 млн адамға қосымша көмек болды. Ал биылғы жаңашылдықтар туралы алдағы уақытта айтып беремін.
Үкімет әлеуметтік салаға айрықша назар аударып отыр. Жалпы бюджеттің жартысынан астамы осы бағытқа бөлінеді. Былтыр зейнетақы мен әлеуметтік төлемдердің барлығы өсті. Жалақы көтеру мәселесінде ауқымды жұмыс жүзеге асырылды. Соның арқасында 3 миллионнан астам адамның табысы артты. Бұл орайда мұғалімдердің жалақысы 25, дәрігерлердің жалақысы 30 пайызға, азаматтық қызметкерлердің жалақысы 20 пайызға ұлғайғанын атап өтуге болады.
Светлана Жақыпова, ҚР еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі:
-Бүгінгі күні республикалық бюджет қаражаты есебінен базалық және ынтымақты зейнетақыны қоса алғанда әлеуметтік төлемдердің 41 түрі төленеді. Жыл басынан бері жәрдемақылар мен зейнетақыларды төлеуге 4,3 миллион адамға, оның ішінде 2,3 миллион зейнеткер мен 2 миллионнан астам мемлекеттік жәрдемақы алушыға 4,2 трлн теңге жұмсалды.
Биыл да жәрдемақы мен зейнетақы көлемі артты. Мәселен, елдегі ең төменгі жалақы мөлшері 70 000 теңгеден 85 000 теңгеге өсті. Бұл жалақысы шамалы азаматтар үшін тиімді. Себебі Еңбек кодексіне сәйкес жұмыс беруші еңбекақыны сомасын ең төменгі жалақы мөлшерінен түсірмеуге міндеттеледі.
Осы өзгерістің нәтижесінде жалақысы 85 мың теңгеге жетпейтін 1 миллион 800 мыңға жуық жалдамалы жұмыскердің айлығы өседі. Сондай-ақ бюджет саласында еңбек ететін 350 мың қызметкердің табысы артпақ.