Ақша аударымдары үшін салық салына ма?
Қазақстандықтар қолма-қол ақша алып жүруге мәжбүр. Себебі кәсіп иелерінің көбі мобильді аударым қабылдаудан бас тартқан.
Бұл үрдіс жеке шоттардағы төлемдер тексеріледі дегеннен кейін белең алды. Дегенмен, тұтынушылар электронды аударымдар арқылы есептесуді талап ете алады. Халық қалауын орындамаған кәсіпкерлерге ескерту жасалып, екінші мәрте елге қиындық тудырса 147 мың теңге айыппұл салынады.
Бұл жайлы қаржы вице-министрі Ержан Біржанов мәлімдеді. Алда кімдердің ақша аударымдары бақыланады? Түскен төлемнен салық сұрала ма? Мәселені зерттеп, мамандар пікірін тыңдап көрдік.
Шытырлатып ақша, сылдырлатып тиын ұстамағалы көп болды. Бұқараның біразы ақша аударымдары арқылы төлем жасауға үйреніп алды. Алайда алыс-беріс жақын уақытта дәстүрлі түрге көшуі мүмкін. Себебі мобильдік аударымдар тексеріледі дегеннен мына мен отырған такси қызметінен бастап, күнделікті азық-түлік дүкендеріне дейін қолма-қол төлем алуға көшкен.
- Аға, менде каспимен еді, бола ма?
- Жоқ, тек наличка
- Жағдай осылай, қолма-қол төлемге жүгінеміз.
Бұл - Азамат есімді астаналық тұрғын. Бала-шағаның нәпақасын такси қызметі арқылы тауып жүрмін – дейді. Ерінбей еңбек етсе, тапқаны күнделікті күнкөріске жетеді екен. Алайда, мобильдік аударымдар тексеріледі дегеннен көңіліне қаяу түсті. Шотында кәсіпкерлік бағытта табыс көзі анықталса, салық салынатындығын уайымдайды. Себебі халықтан алатын аз-маз жолақысынан ұсталатын төлемдер онсызда көп көрінеді.
Азамат Малғаждаров, таксист:
- Яндексіміз бар, индрайверіміз бар, автобанымыз бар бәріне салық төлей берсек, мынау машинаның салығы бар деген сияқты. Бұл қарапайым халыққа қиын жағдай болып кетеді ғой. Қолма-қол есептесуге мәжбүрміз. Негізі аударым денген тиімді еді. Әр ай сайын оның пайызын төлей берсек, бала-шағамызға не қалады?
Жауаптылар жаппай дүрбелеңге түспеуге шақырады. Айтуларынша, барлық аударымдарға бірден салық салынбайды. Жеке шотқа 100-ден көп аударым түссе, банктер мәліметті мемлекеттік кірістер комитетіне жолдайды. Олар мобильдік төлемдер қайдан және қандай мақсатта түскенін зерттейді. Кәсіп жасап, кірісіңізді жасырғаныңыз белгілі болса ғана салық төлеуге міндеттелесіз.
Айнұр Сартаева, ҚР ҚМ Мемлекеттік кірістер комитетінің ресми өкілі:
- Егер бір азаматтың жеке шотына 1 айда 100 әр түрлі адамнан мобильді аударымдар түссе және бұл үрдіс 3 ай қатарынан қайталанса, сол жағдайда ғана атаулы азаматқа бақылау жүргізіледі. Ондада қазіргі уақытта 2022 жылдың қорытындысы бойынша мемлекеттік қызметкерлер және оларға теңестірілген тұлғалардың және олардың жұбайларының ақпараттары келіп түсті банктерден.
Иә, тексеріс кезең-кезеңімен жүргізіледі. Мәселен, өткен жылы мемлекеттік қызметкерлер мен жұбайларының шотына сұрау салынды. Биыл мемлекеттік мекемелердің жұмысшылары және отбасы мүшелері тексеріледі. 2025 жылы кәсіпкерлер мен жұбайлары жайлы ақпарат бақыланады. Ал қалған қазақстандықтар 2026 жылы есепшотындағы аударымдар туралы түсіндіруге міндетті.
Нәтижесінде көп кәсіп түрі заңдастырылады. Мемлекетке түсетін салық көлемі көбейеді. Бұл қалыпты жағдай, шет елдерде де осы тәжірибе пайдаланылады. Сарапшылар осылай дейді.
Сәкен Қарин, Қазақстан салық кеңесшілерінің басқарма төрағасы:
- Біздің салықтың ауыртпашылығы көп емес, 3 пайыз ғана. Мысалы укрощенный декларация таңдасаң, қиын емес. ЖК ашып қой, 3 пайыз төле. Оны көрсетпей, тығып, артынан жауапкершілікке ұшырап, менің ойымша ешқандай пайдасы жоқ бұл жолдың.
Кей жағдайларда салық салушылар түсіністік танытады. Мысалы, халық арасында қайғылы, қуанышты жағдайлар болуы мүмкін. Ондайда көңіл айтып келген қараша мен қуанышты ортақтасқан бұқараның берген ақшасы кәсіпкерлік бағыттағы табысқа жатпайды.
Шернияз Жалғасбекұлы, Мадияр Қындыбаев, «24.KZ».