Қазақстан өзбек елімен арадағы сауда кедергілерін жояды
Қазақстан мен Өзбекстан арадағы экспорттық және импорттық кедергілерді жоймақ.
Қос мемлекет осы мақсатта арнайы жол картасын әзірлеп, жұмыс тобын құруға ниетті. Бұл жайлы еліміздің Сауда және интеграция министрі Арман Шаққалиев мәлімдеді. Келісім екі елдің тауар айналымын 10 млрд долларға жеткізуге ықпал етеді.
Қазақ-өзбек сауда-саттығының қазіргі қарқыны қандай? Мамандар не дейді?
Рауан Мыңбаев, тілші:
- Былтыр екі елдің тауар айналымы 4,1 млрд долларға жетті. Бұл әзірге тек 11 айдың көрсеткіші. Бір жылдың толыққанды мәліметін құзырлы органдар таяу арада ұсынбақ. Өткен жылы екіжақты экономикалық байланысты белсенді жүзеге асыратын «УзКазТрейд» компаниясы да құрылған еді. Бірлескен кәсіпорынның көмегімен үшінші елдерден келетін импорт азайтылып, қазақ пен өзбек бір-бірін қажетті тауармен қамтуды жоспарлап отыр. Оның жай-жапсарын Сауда және интеграция министрі Арман Шаққалиев Ташкентте әріптесі Лазиз Кудратовпен кездесіп, кең құрамда талқылады. Тараптар тауар айналымын 10 млрд долларға жеткізу және өнеркәсіптік кооперацияны дамытуға басымдық берді. Нәтижесінде барлық келісімді орындау жөніндегі хаттамаға қол қойды. Мәселен, қыс мезгілінде Қазақстан көкөніс және жеміс-жидекті Өзбекстаннан тасымалдаса, біздің елден көрші нарыққа май өнімдері мен металл бұйымдары жеткізіледі. Одан бөлек дәстүрлі бидай, ұн сынды экспорттық тауар саудасы бар. Ол осы күні теміржол саласындағы ұлттық операторымыз арқылы Өзбекстанға жөнелтіліп жатыр.
Арман Шаққалиев, ҚР Сауда және интеграция министрі:
- Екі елдің өңірлері арасындағы өнеркәсіптік кооперацияны дамыту мақсатында Қазақстанға өзбекстандық ірі бизнес өкілдерін шақырып отырмыз. Консерві шығаратын және ет, май өнімдерін өңдейтін бірлескен кәсіпорындар құруға қызығушылық туындап отыр. Атырау облысында «Өзбекстан» сауда үйін ашу мүмкіндігі бар. Жақын арада бірлескен жобаларды нақты жүзеге асыратын боламыз.
Жалпы Арман Шаққалиевтің сапары кезінде транзиттік-көлік саясаты, шекаралық өткізу пункттерінің инфрақұрылымын жаңғырту, өңірлік ынтымақтастық, сондай-ақ қазақ пен өзбектің IV өңіраралық ынтымақтастық форумына дайындық мәселелері де қаузалды. Әрі қазақстандық делегация қалалық технопаркке баып, өзбек тарапымен өнеркәсіптік байланысты бекемдеу жайы қаралды. Айта кетейік, көкөніс және жеміс-жидек тасымалы осы аптада орындала бастайды. Келісім негізінен біздегі маусымдық қажеттілікті өтеу үшін жасалып отыр. Министрдің айтуынша, отандық өнімдеріміз ақпан айының соңына қарай әзір болады. Оған дейін сырттан тасымалдай тұруға тура келеді.