Қостанай облысына кешіктірілген субсидия төленеді
Қостанайлық шаруалардың субсидия төлемі жөніндегі өтініштері төрт-бес ай бойы қаралмай жатып қалған.
Соның салдарынан химиялық тыңайтқышқа тиесілі көмек қаржыны шаруалар уақтылы ала алмады. Ал заңға сәйкес субсидияға берілген өтініш бойынша үш күннің ішінде шешім шығарылуға тиіс. Осыған байланысты Мемлекеттік қызмет істері департаменті облыстық ауыл шаруашылығы басқармасына тиісті нұсқама жіберді. Содан кейін барып ғана шаруаларға субсидия беріле бастады. Ал осы салаға жауапты бөлім басшысы тәртіптік жауапкершілікке тартылды.
Гүлнар Шағырова, ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігі облыстық департаментінің басқарма басшысы:
- Ауылшаруашылық басқармасының қызметкерлері тіпті келіп түскен тапсырыстарды тіркемеген. Ал олар бір күннің ішінде тіркеуге міндетті. Айтатын уәждері қызметкерлер жетіспейді, сондықтан үлгірмей жатырмыз дейді. Бірақ бұл соншалықты кешіктіретіндей сылтау емес. Неге шаруалар біреулердің шабандығынан тиесілі субсидияны төрт ай одан да ұзақ мерзім күтуі қажет?