«Мемлекеттік сатып алу туралы» Заңда жергілікті кәсіпкерлерге басымдық берілуі тиіс
«Парламент қарауында жатқан «Мемлекеттік сатып алу туралы» Заңда жергілікті кәсіпкерлерге басымдық берілуі тиіс.
Сол арқылы тапсырысты орындаушының халық алдындағы жауапкершілігі артады. Ол өз кезегінде атқарылатын жұмыс сапасының жақсаруына оң ықпал етеді» дейді жетісулық кәсіпкерлер. Қазір аталған Заң жобасын жетілдіру бойынша нақты ұсыныстар қабылданып жатыр. Өйткені бюджет қаржысының 40 пайызы осы мемлекеттік сатып алу саласына бағытталады. «Демек, әлеуметтік бағдарламалар мен жалақы төлеу сияқты мемлекеттің ең қажетті салаларына кететін қаржыны арттыру үшін біз шығындарды қысқартып, бөлінген қаржының мақсатты түрде жұмсалуын қадағалауымыз керек. Бұл арада кәсіпкерлермен қоса халықтың да мүддесі қорғалуы тиіс», - деді Талдықорғанда Жетісу облысының кәсіпкерлерімен кездескен Парламент Мәжілісінің депутаты Анас Баққожаев. Ол бұл мәселеде жасанды интеллектіге жүгінген жөн деп санайды. «Мемлекеттік сатып алу туралы» Заң жобасы Мәжілісте шілде айына дейін қаралады.
Жанатбек Сарғалдақов, кәсіпкер:
- Қазіргі жабық мекемелерге, больницаларға, әскери формированиелерге жекеменшік өзінің кухнясымен кірмеуі керек. Ал кірген күнде де мысалға оның өзінің артында кәдімгідей пищеблогы болуы керек. Ал ол келеді де менен сатып алады. Менен сатып алған бағаны ол алып барып, қалайды, нетеді? Оның бәрі шығын. Сапалы зат тендер берген адамға жетуі үшін кәдімгідей өзінің өндіріс орны, шығаратын адамы болуы керек.
Анас Баққожаев, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:
- Жасанды интеллектіні қолдана отырып біз баға жағын, бағаны жоспарлау жағын біз осы адами фактордан алып тастауымыз керек ол жерден. 700 млн, 1 млрд теңге тұратын ПСД-лар бар. Неге олар сондай қымбат мәселен? 3 жылдан кейін ол күшін де жоғалтады мысалы. Сондықтан да осындай ысырапшыл, керек емес дүниелер өте көп. Міне осындай үлкен өзгерістерді біз енгізбекшіміз. Жұмыс жалғасуда.