Қазақстандық жүгеріні сатып өткізу қолға алынды
Алматы мен Жетісу облысындағы жүгері өсірушілердің мәселесі алдағы бір апта көлемінде шешімін табады.
Аймақтарға жұмыс сапарымен барған ауылшаруашылығы министрі Айдарбек Сапаров осындай мәлімдеме жасады. Жергілікті шаруалармен, атқарушы билік өкілдерімен кездескен ведомство басшысы жиналған жүгерінің құс фабрикаларына өткізілетінін айтты. Бұл орайда ірі кәсіпорындармен келіссөз жүргізілмекші.
Алматы облысы Еңбекшіқазақ ауданында 335 гектар жүгері алқабы орылмай қалды. Өйткені зауыттар қабылдау бағасын арзандатып жіберді. Нарықта жүгерінің құны ылғалдылығына байланысты қалыптасады. Бұған дейін отандық қайта өңдеушілер жүгерінің бір тоннасын 100-120 теңгеден ұстап тұрды. Биыл ылғалдылық төмен болып, құны 65 теңгеге түсті. Соның салдарынан өңірдегі 300 фермер шығынға ұшырады. Енді оларға көмектесу жұмысы жалғасып жатыр. Бүгінгі таңда облыста 32 мың тоннаға жуық жүгерін сату мәселесі тұр. Келіссөз нәтижесінде бірқатар кәсіпорынр өнімді қабылдай бастады.
Куюмжан Омаров, облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының орынбасары:
«Бүгінгі күні 5 мың тонна қабылданды. Солармен жұмыс жасағанның арқасында тағы 10 мың тонна қабылдаймыз деген жоспар бар. Бірақ қаржыны қазір олар есептеп жатыр. Оның сыртында біздің аймағымызда 11 құс фабрика бар. Сол құс фабрикаларының жұмысының арқасында бүгінгі күнде 25 мың тонна соларға өткіздік».
Жетісу облысы
Жетісу облысының шаруалары өткен жылы 60 мың гектарға жуық алқапқа жүгері егіп, одан 400 мың тоннадай өнім алды. Бағасы 3 есеге дейін түсіп кеткен дақылды сатып алушы мен сақтайтын жер болмағандықтан 100 мың тоннадай жүгері далада қалған. Әлі 1 мың гектардай жүгері алқабының орылмай жатқанын да айта кетейік.
Айдарбек Сапаров, ҚР Ауыл шаруашылығы министрі:
«Корпорация сатып алып, үш айға рассрочкамен птицеводтарға береміз. Ол бір. Екінші жағынан завод сіздердегі. Оларға да тапсырма бердік. Қазір қарастырып жатыр. Олар 20 мың тонна сатып алады. Сондықтан осының бәрін қоссақ, бір 40 мың тоннадай шағын, кішкентай зардап шеккен шаруашылықтар. Бірінші кезекте соларға көмектесу керек».
Алматы облысы
Сондай-ақ нарыққа Ресейден өнім жеткізушілердің демпингі кері әсерін тигізді. Олар нарықтан төмен экспорттық баға ұсынып, Қазақстандық жүгеріні ығыстырды. Сырттан тасымалданатын жүгері дәні шамадан тыс артты. Ал қамбаларда кептірілмей, алқапта орылмай қалған жүгеріні ысырап қылуға болмайды. Ауылшарушылық министрлігі кешенді жұмыс бастады. Енді Ақмола облысындағы сүт фермасына, Солтүстік Қазақстан облысындағы екі құс фабрикасына он мың тонна жүгеріні сату жөнінде келісөз жүргізіп жатыр.
Алмас Садуақас, Ардақ Айбарұлы, Аят Дүйсембаев