Мәжіліс депутаты Атыраудағы зауыт құрылысымен танысты
Парламент Мәжілісінің депутаты Дүйсенбай Тұрғанов Атыраудағы газ өңдеу зауытының құрылысымен танысты.
Аталған зауыт Каспий қайраңындағы «Қашаған» кенішінен шығатын ілеспе газды кәдеге жаратуға арналған. Жылына 1 млрд текше метр газ өңдейтін кәсіпорыннан болашақта 727 млн текше метр пропан, бутон секілді тауарлы газ, 218,5 мың тонна түйіршіктелген күкірт шығады. Осы заманғы ең озық технологияларға негізделген жобаның құрылысы 2025 жылы аяқталуы тиіс. Қазір мұнда 700-дей адам еңбек етеді. Мәжіліс депутаты жоба жетекшілерімен жүздесіп, құрылыс барысымен танысты. Еліміз бойынша газ өнеркәсібі саласындағы атқарылып жатқан жұмыстарға тоқталды. «Қашаған» кенішінен шығатын ілеспе газдың құрамында 17 процент күкірт сутегі бар. Мақсат: сол зиянды қалдықтарды тазалап, кәдеге жарату,- дейді жоба өкілдері.
Жомарт Жасанов, құрылыс компаниясы басшысының орынбасары:
- Сондықтан зауыт күрделі болып келеді. Соны өңдеген кезде күкірт тазаланып, 2-3 сатыдан өтіп, тазаланып түйіршіктелген күкірт шығарып, сатуға жоспарлап отырмыз. Негізгі басқа тауарлы газ пропан, бутан күкірттен таза болады. Құрамы біздің қойған талаптарға сәйкес келеді.
Дүйсенбай Тұрғанов, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:
- Бұл біздің еліміз үшін Қазақстанымызға экономикалық маңызы бар жоба. Сондықтан ел Президентінің ерекше қадағалауында тұр осы жоба. Энергетика министрлігінің болжамы бойынша 2025 жылға таман 27,7 млрд текше метр газ тұтынамыз екен. Ал 2030 жылға көз жүгіртсек, ол деген 30 млрд-қа өскелі тұр. Сондықтан осындай зауыттар газ өңдейтін бізге өте қажет.