Су шаруашылығы мамандары оқытылады
Биыл қар қалың. Қазгидрометтің алдын-ала жасаған болжамына сүйенсек, алдағы жауын-шашын мөлшері де нормадан көп болады.
5 өңір аумағының 70%-ін, 12 аймақ аумағының 90%-ін қар басады. Көктемнің көкжиегі көрінер тұста, тасқынға тосқын қою амалдарын қарастырып отырған уақытта, мұның қаупіне алаңдайтынымыз анық.
Бірақ қардың көптігіне қауіптен бөлек, мүмкіндік ретінде де қарау керек. Себебі қар мен жаңбыр суын кәдеге жарату аса тиімді тәсіл саналады. Ал су тапшылығы туралы әңгіме туындаған кезде бұл өте өзекті. «Көктемгі қарғын суды жинау және оны егістікке жеткенше құмға сіңіріп жоғалтып алмау мәселесі шешімін табуға тиіс. Өйткені оның бәрі – ішкі су қорымыз». Президент Жолдауда осындай міндет жүктеген.
Расымен, егер осы қарқынмен кете беретін болсақ, 2040 жылдарға қарай Қазақстандағы су тапшылығы 12-15 миллиард текше метрге жетуі мүмкін. Бұл – әбден зерттелген, нақтыланған дерек.
Мәселені шешудің бірнеше жолы бар. Оны Президент былтырғы Жолдауында айтқан. Соның бірі, бәлкім негізгісі деген де дұрыс болар, ол – үнем.
Ал су үнемдейтін озық технология қазір әлемде көп. Қазақстан да жыл сайын оларды пайдалану аумағын 150 мың гектарға жеткізудің қамын жасап жатыр.
Былтырғы құрғақшылық еліміздің егін шаруашылығына ауыр тиді. Биылғы жылға дайындық қалай?
Былтырғы жағдай қайталанбауға тиіс. Бұл бағытта Үкімет тиісті жұмыстарды жүргізіп жатыр.
Су мәселесі өзекті. Былтыр елде арнаулы министрлік құрылды. Президент жаңа міндеттер қойды. Министрлік 2030 жылға дейін суармалы алқаптағы су үнемдеу технологиясының үлесін 40%-ке жеткізбек. Бұл саладағы ысырапты 15%-ке дейін азайтады. Ал суармалы алқап көлемі 2,2 миллион гектарға ұлғаяды. Бұл үшін арнайы тұжырымдама әзірленді.
Сонымен қатар министрлік екі жылда 20 су қоймасының құрылысын бастамақ және ескірген 15 су қоймасын жөндейді. Тозған каналдарды да қолға алады. Мәселен, осыған дейін 3,5 мың шақырым болатын 339 канал жөнделді. Ал қазір Алматы, Жамбыл, Қызылорда және Түркістан облыстарында 105 мың гектар аумаққа суару желісін тарту жұмыстары жүріп жатыр.
Нұржан Нұржігітов, ҚР Су ресурстары және ирригация министрі:
- Еліміздің су қауіпсіздігін қамтамасыз ету және су тапшылығын шешу үшін министрлік 2024-2030 жылдарға арналған кешенді жоспары әзірледі. Оны іске асыру еліміздің су ресурстарының көлемін 3,7 текше километрге арттыруға, суармалы судың шығынын азайтуға және оның көлемін 3 текше километрге арттыруға, 55 мыңнан астам халқы бар 41 елді мекенді сумен қамтамасыз етуге, сондай-ақ еліміздің көршілес елдерден су жеткізу бойынша тәуелділігін 25%-ке азайтуға мүмкіндік береді.
Көрші мемлекеттер демекші, қазір шекаралас елдермен су мәселесін шешу бойынша келіссөздер жүріп жатыр. Ауыз толтырып айтатын жетістіктер бар.
Мәселен, сәуірдің басына дейін Сырдария өзені 11 мың текше метр сумен толығатын болды. Ал «Достық» каналы арқылы 487 млн текше метр су келеді. Бұл Түркістан және Қызылорда облыстарының шаруашылықтарын қажетті сумен қамтиды. Одан бөлек, Арал теңізіне су жіберуге мүмкіндік туады. Жамбыл облысынның фермерлері Талас өзенінің суын пайдаланатын болды.
Қазір министрлік Қытаймен келіссөз жүргізіп жатыр. Екі елге ортақ 20-дан астам өзен бар. Олардың қатарында Ертіс, Іле, Емел өзендері ерекше маңызға ие. Әзірге тараптар бірқатар келісім жасады.
Енді саланы дамыту үшін маман керегі белгілі. Министрлік тарапынан мамандықтар бойынша жаңа бағдарламалар енгізуге ұсыныс әзірлеп жатыр. Сонымен қатар студенттерді шетелдік жоғары оқу орнында оқытуға грант бөлу туралы ұсыныс жасалды.
Дидар Жәнібекұлы, ҚР Су ресурстары және ирригация министрлігі Ғылым және инновация департаментінің басқарма басшысы:
- Бүгінгі таңда су саласы бойынша бізде гидротехниалық құрылыстарды салушылар, яғни солардың ішінде жобалаушылар, сол гидротехникалық құрылыстардың негізін салу білетін мамандықтар бізге қазір қажет болып тұр және де сол мамандықтарды даярлауда қандай қажеттіліктер бар, сол бойынша жұмыс жасалып жатыр. Кеңес заманында жоғары оқу орындары ғана емес, техникумдар да әр өңірлерде. Олар не үшін ашылды? Яғни, сол өңірде сол су мамандарына қажеттіліктен ашылды ғой. Жаңа айтып өткендей, қазіргі күнде сол мамандықтарға қажеттілік бар ма? Солардың негізінде жоғары оқу орындарында, әр нүктеде ашу көзделуде бізде.
Былтыр бассейндік инспекциялар штаты 98 адамнан 242 адамға ұлғайды. Биыл қызметкерлердің жалақысы орта есеппен 25%-ке өсті.
Жалақы көтерілген сайын жұмыс та ширайды. Су маманы болсам дейтін жастардың да саны көбейеді. Оқу орындарын көптеп ашуға қажеттілік туады. Бұл оқу орындарын аяқтап шыққан жастар су шаруашылығында еңбек етері анық.