Қазақстанға келетін шетелдік туристер саны 40% артты
Соңғы жарты жылда елімізге келетін шетелдік туристер саны 40 процентке өсті.
Алыс және жақын шетелдерден 100 мыңдаған саяхатшы Алтай таулары мен Шарын шатқалын аралап, Көлсайдың кереметін көзбен көру үшін сапарға шыққан. Мемлекет туризм саласын бұдан әрі дамытуға ниетті. Ол үшін осы салада бизнес жасап отырған кәсіпкерлердің көлік және инфрақұрылымға кеткен шығындарын жауып беріп отыр. Бизнес өкілдеріне 480 миллион теңге қайтарылған. Ал қысқы туризмнің қауқары қандай?
Германиядан келген саяхатшылар қарлы шыңдардың әсемдігіне таңданыстарын жасыра алмай тұр. Іргедегі Альпі тауларынан көрі Шығыс Қазақстанның шатқалдарына шығуды жөн санаған. Сол үшін мыңдаған шақырым жол жүріп келген. Ресми дерекке сүйенсек, Қазақстанның тұмса табиғатын тамашалауға былтыр Ресейден 350 мыңнан астам, Қытайдан 75 мың және АҚШ пен Түркиядан 10 мыңдаған турист келген. Әрине, саяхатшылар көп аялдаған өңірлердің бірі Шығыс Қазақстан. Мұнда қыс қатал болғанымен тау шаңғысы спортына өте қолайлы. Жергілікті туристік фирмалар 6 айға созылатын қыс маусымын табысты пайдалануға тырысады. Өңірдегі 4 таушаңғысы курорты 100 мың туристі қабылдай алады. Дегенмен, мәселе де жоқ емес.
Александр Чиликин, кәсіпкер:
- Бір жыл ішінде біздің даму динамикамыз 50 пайызға артты. Бұл керемет көрсеткіш. Дегенмен, тау шаңғысы спорты бойынша сабақ беретін адамдарды дайындау деген мәселе бар. Тіпті даяшылардың өзін Шымкент қаласынан шақырамыз.
Туристік нысандар табысты жұмыс істеуі үшін мемлекет олардың шығындарының бір бөлігін жауып береді. Тау курортына арнайы техника алуға кеткен шығынның 25 процентін, қонақ үй және жол бойы қызмет көрсету нысандарын салуға жұмсалған ақшаның 10 пайызы мемлекеттік қазына есебінен өтеледі. Мұның сыртында шетелдік туристерден жарна алынбайды. Салықтан да босатылған. Туристік салық алынып тасталған 1 жылдың ішінде кәсіпкерлер 500 млн теңге қосымша салық төлеген. Қонақ үй бизнесінің өкілі Рустам Адамов туристер салығын жою уақытылы қолға алынған шара дейді.
Рустам Адамов, кәсіпкер:
- Туристер алымы бюджетті толтыру үшін ойлап табылған дүние емес. Ол Париж, Венеция секілді ірі қалаларда жүктемені азайту үшін енгізілген. Ал бізде керісінше жүктеме өте аз. Сондықтан ондай алымдар жойылды.
Өңірдегі туризм бизнесін қолдауға жергілікті билік те ниетті. Ол үшін алдымен барлық демалыс орындары мен оларға апаратын жолдар тексеріледі. Одан әрі электр энергиясымен жабдықтау жобасы жасалады.
Марат Қабақов, ШҚО Кәсіпкерлік және индустриялық-инновациялық даму басқармасы басшысының орынбасары:
- Қазір проектік офис құрылды. Яғни мемлекет қазір инфрақұрылымдық жобаларға басым көңіл аударатын болады.
Туризмді дамыту үшін алдымен қызмет көрсету сапасын арттырып, туристік имиджді қалыптастыру маңызды. Биыл бұл бағытта жаңа жобаларды жүзеге асыруға 500 млн теңгеден астам қаражат қарастырылған.
Елдос Кәкенов, Вячеслав Ветлугин және Дмитрий Пыхтин