Энергетикада АЭС үлесі артады
Енді бір 10 жылдан кейін энергетика саласында көмірге деген қажеттілік екі есе азаяды.
Министр Алмасадам Сатқалиев осылай деді. Салаға жауапты мамандар жоспар түзіп, 2035 жылға дейінгі қуат көздерінің экономикадағы үлесін айқындады. Сонымен алдағы жылдары энергия тапшылығы мәселесі қалай шешіледі?
Энергетика министрлігі таза қуат көздерін арттырып, АЭС-тің де әлеуетін бағамдамақ. Бірақ сарапшылар бұл жоспарға күмәнмен қарайды.
Энергетикада АЭС үлесі артады
2035 жылға қарай елдегі АЭС үлесі 5%-ке жуықтайды. Бұл туралы Үкіметте Энергетика министрі Алмасадам Сатқалиев мәлімдеді. Жауапты орган болашақта электроэнергетиканы дамыту жоспарын дайындады. Соның ішінде Қазақстандағы қуат көздері қалай жіктелетіні көрсетілді. Министрліктің жоспары мынадай. 10 жылдан кейін жаңғыртылатын энергия көздерінің үлесі 24,4%, су электр станциялары 10,8%, газ 25,8%, көмір 34,3%, АЭС 4,7%-ды құрамақ.
Тельман Шуриев, Энергетика бойынша сарапшы:
- АЭС үлесін 4,7% жеткізу Энергетика министрлігі ұсынған қазіргі концепцияға сай келмейді. Өйткені 2035 жылға қарай Қазақстан жылына 153 гигаватт электр қуатын өндіреді деп жоспарланған. Станцияның құрылысы мен кезең-кезеңмен іске қосылатынын ескерсек, қазіргі көрсеткіштермен шын мәнінде АЭС-тың үлесі 1,5%-тей болады. Дегенмен еліміз көміртегі бейтараптығы саясатына бет бұрды. Бұл тұрғыдан АЭС салу өте тиімді. Өйткені мұндай станциялар парниктік газды көмірге қарағанда 187 есе аз бөледі.
2035 жылы жасыл энергетика 24,4% болады
Қалған көрсеткіштер бойынша жоспарға қол жеткізу әбден мүмкін, - дейді сарапшы. Көріп тұрғандарыңыздай, жасыл энергетикаға қанша ұмтылсақ та, көмірдің үлесі бәрібір басым. Бірақ Алмасадам Сатқалдиев «таза қуат көздерін дамыту мен елді мекендердің аймақтық жоспары арқылы салаға реформа жүргіземіз» деп сендірді. Ал сарапшылар салаға көп уақыт қаржы бөлінбегенін және техниканың тозығы жеткенін алға тартады. Оның үстіне жылу электр орталықтары мамандарының біліктілігін көтеру назардан тыс қалған. Сайып келгенде, осының бәрі қазіргі энергетикалық қиындықтарға әкеп соқты.
Тельман Шуриев, Энергетика бойынша сарапшы:
- 2023 жыл елімізде энергетика тапшылығы бар екенін тағы бір мәрте көрсетті. Соңғы деректерге сай Қазақстан өзге мемлекеттерден алынған электр ағынына 40-тан 60 миллиард теңгеге дейін төлеген. Бұл ақшаны қолданыстағы жылу орталықтарын жөндеу үшін жұмсауға болар еді. Бірақ қуат тапшылы оған мүмкіндік бермей отыр. Бірақ АЭС пен жаңа жылу электр орталықтары салаға серпін берері сөзсіз. Ал халықты тарифтік өзгерістер күтіп тұрғанын да ескеру керек.
Алдағы 2 жыл ішінде елдегі жылу орталықтарын жөндеуге 180 миллиард теңге бөлу жоспарланған. Бірақ екінші деңгейлі банктер көмір генерациясына несие беруді шектейді. Сондықтан жетіспейтін қаражатты электр энергиясына тарифтерді қайта қарау есебінен тартырады. «Халық арасында әлеуметтік шиеленісті туғызбау үшін бұл мәселеде осал топтағы азаматтарды тікелей бюджеттік қолдау тетігі көзделген», - деп толықтырды министр. Бұл жылу энергиясына тарифтерді экономикалық негізделген деңгейге келтіруге көмектеседі.
Сыртқы сауда 125 млрд теңге
Өзге тақырыптарға ойыссақ. Қазақстан сыртқы сауда айналымы 2,2% өсті. 2023 жылдың 11 айында саладағы қаржы айналымы 125 миллиард долларға жетті. Экспорт – 71 млрд доллар. Оның 58,1%-і – жанармай және энергетикалық тауарлар, 12,4% – металл және металл бұйымдар. Яғни, Қазақстан экспортының басым бөлігі өңделмеген шикізаттың еншісінде. Осы уақыт аралығында 54 миллиард теңгеге өнім импортталды. Оның 45,1% – машина, құрал-жабдықтар, аппараттар. Сырттан келген химиялық өнімдер – 15,2%, азық-түлік тауарлары – 10,5%. Өткен жылы ЕАЭО елдерімен тауар айналымы 3% азайды. Ал жалпы тауар айналымының 20%-ін құрады. Ресей Қазақстанға импорт көлемі бойынша көш бастап тұр. Бірақ еліміздің Қытаймен тауар айналымының үлесі 21,7%-ке өсті .
Негізгі экспорттық бағыттар:
Италия 18,7%
Қытай 18,7%
Ресей 12,5%
Нидерланды 5,3%
Түркия 5,1%
Корея Республикасы 4,9%
Импорттаушы елдер:
Ресей 26,8%
Қытай 25,6%
Германия 5,3%
АҚШ 4,3%
Корея Республикасы 3,8%
Түркия 3,5%.