Отандық аяқ киім өндірісі ішкі нарықтың 5-ақ пайызын қамтамасыз етеді
Қазақстанда аяқ киім өндіретін 70 шақты шағын және орта кәсіпорын бар.
Алайда, олар ішкі нарықтың тек 5 пайызын ғана қамтамасыз ете алады. Елде саудаланатын аяқ киімнің 95 пайызы импорт. Сапа мен оңтайлы баға саясатын жүргізу отандық өндірушілер үшін оңайға соқпай тұр. Неге?
Қарағандылық Никита Дорош аяқ киім цехын басқарады. Шағын өндіріс тауардың ауқымды партиясын шығармаса да, сәнді, сапалы өнім өндіруге ден қойған. Яғни, шикізат сапасы мен аяқ киім тігу технологиясына көп көңіл бөлінеді.
Никита Дорош, аяқ киім өндіруші:
- Біз отандық өндірушіміз, қол астымызда қазақстандықтар жұмыс істеп, өнім өндіреді. Түскен табыстан салық төлейміз. Осының бәрін еліміздегі тұтынушылар үнемі ескеріп жүреді. Бұл да өнім саудасына оң ықпалын тигізетін фактор. Алдымен халық отандық өндірушіні қолдау үшін ғана сатып алуы мүмкін. Ең бастысы, алған тауардың сапасы көңілден шықса болғаны. Сонда тұтынушылар қуана қайтып келеді. Әрі қарай тұрақты сатып алушыға жеңілдік жасауға болады. Осылайша, адамдарға жағымды әсер қалдыратын сауда тәжірибесін қалыптастырған абзал.
Ақиқаты сол, елдегі аяқ киім өндірісін толыққанды отандық шикізатпен қамту мүмкін болмай отыр. Өндіріске қажет ұсақ-түйек фурнитурадан бастап, аяқ киім табанына дейін Италия, Түркия, Қытай мен Ресейден алдырады.
Никита Дорош, аяқ киім өндіруші:
- Бағасына келер болсақ: 50 мыңнан басталып, тіпті кейде 100 мың теңгеден асуы мүмкін. Яғни, қолданылған шикізатына байланысты. Мысалы, мына аяқ киімнің үлгісі жаңағы үлгіге ұқсайды. Тек мұның табаны басқа. Бұл Италиядан әкелінген табан, оны осында қалыпқа салып тігеміз. Материалы Эва пора деп аталады. Байқасаңыз арасында былғары қабаты бар, тұтастай тігілген. Міне, шикізат, дизайн ерекшелігі мен сапасына қарай аяқ киімнің құны қалыптасады. Ал былғары – өзіміздікі.
«Өндірістегі отандық мазмұнды өзімізден шығатын былғары есебінен арттыруға болар еді. Оған елдегі тері-былғары өңдеу зауыттарының өндірістік қуаты толық іске қосылмаған. Әрі кетсе 40-50 пайызға ғана жұмыс істеп тұр», дейді Атамекен ұлттық кәсіпкерлер палатасының сарапшысы.
Бақытжан Момбеков, "Атамекен" ҰКП өңдеу өнеркәсібі департаментінің бірінші санаттағы сарапшысы:
- Бізде ірі қараның терісін өңдейтін 8 зауыт бар. Алайда жағдайлары мәз емес, құрал-жабдығы әбден ескірген. Ал өндіріске капитал құю әзір мүмкін болмай тұр. Өйткені, оған қаражат жетпейді. Бәрінің кредиті бар. Бюджеттен қаржы алайын десе, онысы бірден қайтарымды болуы шарт. Ал қайтарымы болуы үшін кепіл қою керек. Сол кепіл көбінде жоқтың қасы. Сондықтан осы бір тығырықтан шыға алмай, қайта өңдеу өндірісі қарқын ала алмай келеді. Жиындардың бәрінде біз тері-былғарыны дайындау пунктерін және өңдеу зауыттарын жаңғыртуға ден қоюға шақырамыз. Әзірге нәтиже жоқ.
Шикізаттан бөлек, өнімнің өзіндік құнына кәсіпорынның коммуналдық төлемдері, цехы мен дүкенінің жалдау ақысы мен жұмысшылардың жалақысы кіреді. Сол себепті отандық аяқ киімнің өзіндік құны импортталатын кей тауардан асып түсетіні түсінікті. Осы ретте, отандық өндірушілерді қолдау мақсатында осыдан бірер жыл бұрын аяқ киімді таңбалау қолға алынған еді. Бірақ бәрі бірдей сырттан әкелген тауарын таңбалауға жібермейді.
Айжан Әділова, ҚР Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі жеңіл өнеркәсіп басқармасының басшысы:
- Кезең-кезеңмен енгізіп жатырмыз, қазіргі таңда ешқандай тергеу, ешқандай тексеріс жоқ. Қазір кәсіпорындар біздің розничный бизнес, импорт дейміз ғой. Олар бәрі импортерлер, өздерінің қалауымен, қалауы болса маркировканың кодын алады. Қаламаса ала-алмайды. Егер магазиндерге барсаңыздар қазіргі таңда магазиндерден код маркировка сұрасаңыздар бермейді. Өйткені, ішкі тексеріс жоқ.
Қарапайым математикаға жүгінсек, 20 млн қазақстандық жылына 2-3 аяқ киім алады. Яғни орта есеппен 70 млн жұп аяқ киім керек. Таңбалау көрсеткендей, ресми импорт оның жартысын ғана құрап отыр. Демек, саладағы атқарылар жұмыс шаш етектен: аяқ киім саудасын көлеңкелі нарықтан шығарып, отандық теріні қайта өңдеуге серпін қажет-ақ.
Бақыт Топтаева, Дәуренбек Бақдәулет, Бағдат Қайыркен, «24.KZ».