Баспанаға сұраныс азайған
Дүниежүзілік банктің жуырда жариялаған есебінде жаһандық экономиканың қарқыны бәсеңдейді делінген.
«Халық файнанстың» сарапшылары есепке талдау жасады. Белгілі болғандай, былтыр экономикалық өсім 2,6 пайыз деңгейінде болды. Биылғы көрсеткіш 2,4 пайызды құрайды деп бағаланып отыр. "Дегенмен, жаһандық рецессия қаупі сейілді" дейді сарапшылар. Сондай-ақ Дүниежүзілік банк Қазақстанның жалпы ішкі өніміне қатысты болжамын жақсартты. Былтырғы есепте бұл көрсеткіш 4 процент болады делінген еді. Енді биыл ішкі жалпы өнім 4,3 пайызға дейін көтеріледі деп отыр. Қазақстандағы мұнай өндірісі ұлғайып, экспорт өсіп, шикізат тауарларына жоғары баға сақталса, онда бұл болжам іске асады. Сараптама қазіргі нарық жағдайына сүйеніп жасалды. Бірақ Таяу Шығыстағы геосаяси ахуал мен Украинадағы қақтығыс шикізат нарығына ықпалын тигізе береді. Ал бұл жаһандық экономика үшін басты қатер. «Халық файнанс» мамандары да Қазақстанның экономикалық дамуы биыл 4,5 пайыз болады деп, оң болжам жасап отыр.
Теңгелік депозиттер көбейген
Ақша жинаудан рекорд жаңарды. 2023 жылы Қазақстанның депозиттік ұйымдарында 34 триллион теңгеге жуық қаржы жиналды. Жылдық өсім 12 процент. Сонымен қатар жинақтарды шетелдік валютаға аудару азайған. Желтоқсанда депозиттерді долларға ауыстыру 23 процентке қысқарды, деп хабарлады Ұлттық банк. Өткен айда теңгемен сақталған депозиттер рекордтық деңгейде көп болған. Мамандардың айтуынша, желтоқсанда депозиттерге қаржының көптеп құйылуы қалыпты құбылыс. Бірақ соңғы көрсеткіштер әдеттегіден әлдеқайда жоғары болып шықты.
Бір жылда тұрғын үйге сұраныс 20%-ға азайды. Былтыр қазақстандықтар жылжымайтын мүлікті сатып алу және сатудың 370 мыңнан астам келісімшартын жасаған. Ұлттық статистика бюросының дерегінше, бұл көрсеткіш жаңадан құрылған облыстардан басқа барлық өңірде төмендеді.
Әсіресе Қарағанды және Шығыс Қазақстан облыстарында баспана саудасы 43%-ке, Маңғыстауда 37%, Атырау облысында 33%-ке кеміді. Мегаполистерде де сұраныс азайды. Дегенмен, ірі қалалар тұрғын үй келісімшарттарының саны жөнінен көш басында.
Баспана сатудан көшбасшылар 2023 ж.
Алматы 66 мың келісім
Астана 62 мың келісім
Қарағанды облысы 33 мың келісім
Александр Дубровин, риэлторлық бизнес академияның директоры:
- Құрылыс компанияларының бізге ұсынған сандарын алсақ, бағаның төмендегені байқалады. Оған түрлі жеңілдіктерді, бірегей ұсыныстарды қосыңыз. Қазір көптеген компания жаңа баспанаға 5 жылға дейін бөліп төлеуге мүмкіндік береді. Мұның бәрі сұраныстың азайғанынан. Сондықтан Қазақстанның тұрғын үй нарығы бәсеңдеді деуге толық негіз бар.
Тұрғын үй нарығында құлдырау
Биыл да баспанаға сұраныс көп болмайды. Бірақ соған қарамастан баға өсімі байқалуы мүмкін. Сарапшылар осылай дейді. Олардың айтуынша, жаңа үйлер шамамен 6 процентке қымбаттайды. Жылжымайтын мүлік құнына бірқатар фактор әсер етеді. Халық файнанс талдауында, теңге бағамы шамамен 3%-ке құнсыздануы мүмкін делінген. Екіншіден сарапшылар инфляция жыл соңына қарай 8.5%-ті құрайтынын алға тартады. Оған қоса, кредиттердің қымбаттауы құрылыс компанияларының қаржылық жағдайын қиындатпақ. Жылжымайтын мүлік нарығындағы ұсыныстың азаюына осылар әсер етеді. Баспана саудасын бәсеңдететін төртінші фактор ипотекаға сұраныстың кемуі. Мұндай несиелер тек жекелеген Мемлекеттік бағдарламалар есебінен ғана бөлінеді. Ал ескі үйлер биыл шамамен 3%-ке қымбаттауы мүмкін.
Жылжымайтын мүлік нарығына жеңілдетілген бағдарлама шарттарының өзгеруі де біршама ықпал етті. Мысалы, былтыр Ұлттық банк «7-20-25» бағдарламасына бөлінетін қаржы көлемін қысқартты. Бірақ пайыздық мөлшерлеме жоғары болды. Салдарынан ипотекалық несиелер алдыңғы жылмен салыстырғанда екі есе азайған.