Қазақстан мен Италияның тауар айналымы өсіп келеді
Италия – Ресей мен Қытайдан кейін Қазақстанның үшінші стратегиялық сауда серіктесі.
Ұлттық статистика бюросының мәліметі бойынша екі ел арасындағы тауар айналымы 2022 жылы 15 миллиард долларға жуықтады. Экспорттың үлесі 14 миллиардқа жақын, импорт 1 миллиардтан сәл асады. Бұл 2021 жылғы көрсеткішпен салыстырғанда 54%-ке жоғары. Өткен жылдың қаңтары мен қазаны аралығында тауар айналымы 13,1 миллиард доллар болды. 2023 жылғы дерек бойынша біздің елде Италия капиталы құйылған 303 компания тіркелген. Кәсіпорындар негізінен құрылыс, сауда және ғылыми-техникалық салаларда жұмыс істейді. 2005 жылдан 2023 жылдың бірінші жартыжылдығына дейін Италиядан Қазақстанға 7,3 миллиард доллар инвестиция тартылды. 2022 жылы бұл мемлекеттен бізге келген тікелей инвестиция 288 миллион доллардан асты. Бұл 2021 жылмен салыстырғанда 2,3 есе көп. Ал былтырғы жарты жылда ел экономикасына 76 миллион долларға жуық қаражат құйылды.