Қазақстандағы экспорт пен импорттың көрсеткіші теңесіп келеді
Былтырғы 11 айда Қазақстанның сыртқы сауда айналымы 2022 жылғы осы кезеңмен салыстырғанда 2% өсіп, 125 млрд доллардан асты.
Экспорт пен импорттың көрсеткіші біртіндеп теңесіп келеді. Әсіресе көрші мемлекеттермен байланысымыз тығыз.
Расымен, Ресей және Қытай мемлекеттерімен алыс-берісіміз көп. Еуропа елдерімен де серіктестік арта түскенін айта кету керек.
Италия – экспорттағы негізгі серіктес мемлекет. Одан бөлек, Германия, Нидерланд, Түркиямен де саудадағы достығымыз берік. Ендігі сұрақ: біз өзге мемлекеттерден қандай тауар алып жатырмыз? Біздің қай өнімге сұраныс жоғары?
Қазақстанның көпвекторлы саясаты жемісті. Сарапшылар осылай дейді. Себебі саудада оң серпіліс бар. Әуелі былтырғы қаңтар мен қараша айларындағы дерекке тоқталсақ. Өзге мемлекеттермен 125 млрд доллардан аса қаржыға сауда жасадық. Оның ішінде экспорт көлемі – 71 млрд доллар. Ал импорт – 54 млрд доллар. Өсімге зер салсақ, сырттан сатып алатын тауар 8,5%-ке азайыпты. Шетел асқан отандық өнім болса 20%-ке артқан.
Қазақстанның экспорттағы негізгі серіктесі – Италия мен Қытай. Сатылған тауарлардың 37% осы 2 елге тиесілі. Одан кейін 12,5%-пен Ресей келеді. Есесіне теріскейдегі көршіміз импорттық тауарлар көрсеткіші бойынша көш бастап тұр. Оның үлесі – шамамен 27%. Ресейдің ізін ала Қытай келеді. Үштікті Германия қортындылады.
«Қазақстан шетелге негізінен шикі мұнай өнімдерін, химиялық радиоактивті элементтерді, мыс қорытпаларын, бидай және меслин экспорттайды. Ал сырттан елге жеңіл автокөлік, телефон аппараты, кузовтар мен кабиналар, дәрі-дәрмек, көлік бөлшектері және ұшу аппараттары келеді» – Ұлттық статистика бюросы.
Былтыр желтоқсанда Ұлттық экономика министрі Әлібек Қуантыров жыл қорытындысы бойынша тікелей шетелдік инвестиция 27 млрд долларға жететінін айтты. Алыс-жақын шетелдің кәсіпкерлері Қазақстанға қаржы құюға қызығып отыр. Сарапшылар мұны тұрақты экономикамен байланыстырады. Бұл іске көпвекторлы сыртқы саясат та серпін беретіні анық.
Германияның Федералдық саясат және сыртқы сауда одағының басшысы Андреас Ян,:
- Германия кәсіпкерлері Қазақстан нарығына қызығушылық танытып отыр. Екі ел арасындағы саяси әрі экономикалық қарым-қатынасты дамытуда мүмкіндік зор. Оны пайдалана білу керек. Еліміздің инвесторлары Қазақстанмен жұмыс істеуге мүдделі. Бізді ең қызықтыратыны – тау-кен секторы, жаңартылатын энергетика, машина жасау және ауыл шаруашылығы.
Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттермен өзара сауда 3%-ке азайды. Есесіне Еуропалық Одақпен байланыс нығая түсті. Биыл отандық өнімдер алғаш рет Эстония, Чехия, Германия, Литва және Нидерландқа жеткізілді. Ал Польша мен Латвия негізгі тұтынушылар қатарына кірді. Одан бөлек, Индонезия, Үндістан, Марокко, Оңтүстік Корея және Израильға көмір тасымалдай бастадық.
«Басты міндет – Қазақстанның негізгі сауда-экономикалық әріптестерімен тауар айналымын ұлғайту. Оның ішінде Орталық Азия елдері, Қытай, Оңтүстік-Шығыс Азия, Таяу Шығыс және Еуропалық Одақ елдері ерекше назарда тұр. Күш-жігеріміз сауда-логистикалық инфрақұрылымды дамытуға бағытталған. Алдағы уақытта 5 шекара маңы хабын құру жоспарланып отыр. Осылайша, әріптес елдермен тауар айналымы 30%-ға өсуі мүмкін», – Арман Шаққалиев, ҚР Сауда және интеграция министрі.
Енді Үкімет тарапынан тауар экспорттаушыларды қолдау күшейеді. Былтырғы 8 айда $500 млн-нан астам сомаға экспорттық келісімшарт жасалған. Көрсеткішті жақсарту үшін қолдау шараларын орталықтандыру жоспарланып жатыр.
Жаһан қарулы қақтығыстардан көз аша алар емес. Осының кесірінен Ұлттық валюта қоры «әлем экономикасы тұрақсыз болады» деген болжам жасап отыр. Осындай алмағайып заманда инвесторлардың елге қаржы салуы бізге деген сенімді көрсетсе керек.