Техникалық мамандарға сұраныс артып келеді
Ел экономикасындағы реформалар техникалық, инженерлік мамандарға сұраныстың артуына себеп болды.
Бұрын заңгер, экономист, мұғалім болуға ұмтылатын жастар қазір инженер оқуына көптеп түсіп жатыр. Қазір металлургия, химия өнеркәсібі, транспорт және байланыс, ауыл шаруашылығы, туризм салаларына мамандар көптеп қажет. Сол себепті бұл мамандықтарға бөлінетін грант көлемі де жыл сайын артып келеді.
Мәселен, биылғы оқу жылына 73 мың грант бөлінді. Олардың 60 пайызы техникалық мамандықтарға берілді. Сондай-ақ, қазіргі күні қарыштап дамып келе жатқан ақпараттық коммуникациялық технологияға 10 мыңнан астам грант берілсе, инженерлік саланың үлесіне 18 мың грант тиді. Ал келесі жылы гранттың саны тағы ұлғая түседі. Ғылым және жоғары білім министрлігі алдағы оқу жылына 80 мыңға жуық грант бөлуді жоспарлап отыр. Грант көлемі нарықтағы сұранысқа сай көбейетін болады.
Оқу гранттарының бөлінісі (2023-2024 оқу жылы)
техникалық – 18744
педагогикалық – 12560
ақпараттық-коммуникациялық технология – 10103
жаратылыстану – 7 388
Жанна Есенбаева, ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігі мемлекеттік білім беру тапсырысын қалыптастыру басқармасының басшысы:
- Тау-кен, құрылыс, архитектура, оның ішінде сұраныс көп саланың бірі дизайн және архитектура, одан кейін механика және кейінгі жылдары электротехника, энергетика салаларында да балалар көп сұраныс білдіруде. Қазір Көлік министрлігімен тығыз жұмыс жасап жатырмыз. Ол салада да біраз тапшылық бар.
Жоғары оқу орындары түлектерінің жұмысқа орналасу көрсеткіші де көтеріліп келеді. 2021 жылы қолына диплом алғандардың 68 пайызы мамандығы бойынша еңбек жолын бастаса, 2022 жылы 75 пайызы жұмысқа орналасты.
Сондай-ақ, нарықты қажетті жұмыс күшімен қамтамасыз етуге жұмыспен қамту орталықтары септесіп отыр. Бұл орталықтар дипломына сай жұмыс таба алмаған азаматтарды қайта даярлау курстарынан өткізеді. Яғни, қоғамда тапшы болып отырған мамандарды әзірлеуге күш салады. Мәселен, Астанадағы мансап орталығы былтыр 207 адамды осындай курстардан өткізді. Олардың 145-і жұмыс берушілердің тапсырысымен оқытылды. Бұдан бөлек, «Еңбек» порталында 477 мамандық түрі бойынша онлайн курстарға қатысуға болады. Ол үшін порталға жұмыссыз ретінде тіркелу қажет.
Бағила Орымбетова, Астана қаласы әкімдігінің мансап орталығының басшысы:
- Әрине біз бірінші жұмыс қарастырамыз. Егер де біз жұмысқа тұрғыза алмасақ, жұмыс таба алмаса, әртүрлі себептермен, онда біз өзіміздің белсенді шараларымызды ұсынамыз. Көбінесе тігіншілер, пішушілер, аспазшылар, кондитер, шаштараз, қазіргі таңда маникюр мамандықтарына оқыттық. Былтырлары біз сварщикке де оқытқанбыз, электрогазосварщик бар, жұмысшы мамандықтар ғой.
Отандық нарықтағы жұмыс күшінің тапшылығын шешуге сырттан көшіп келгендердің де септігі тиіп отыр. Былтыр Қазақстанға 20 мыңнан астам адам көшіп келді. Келгендердің қатарында 3 мыңға жуық адамның техникалық мамандық иесі. Мың жарым экономист, 750 педагог бар. Сонымен қатар, олардың қатарында дәрігер, заңгер, ауыл шаруашылығы мамандары, сәулетшілер мен құрылысшылар баршылық.
Қазір елімізде 10 миллионнан астам адам түрлі салада еңбек етеді. Ал Үкіметтің алдына қойылған міндетті жүзеге асыру үшін жұмыс күшінің сапасын өсіру қажет. Бұл үшін әрине білім беру саласына заманауи үрдістерді жан-жақты енгізу керегі сөзсіз.
Көшіп келгендердің мамандықтары
техникалық – 2 809
экономикалық – 1 456
педагогикалық – 750
медициналық – 446
құқықтық – 421
құрылыс – 296
ауыл шаруашылығы – 133