Жетісу облысында 535 адамға жеңілдетілген несие берілді
Жетісу облысында былтыр 535 адамға жалпы сомасы 3,2 млрд теңге төмен пайыздағы несие берілген болатын, деп хабарлайды 24KZ.
«Ауыл аманаты» бағдарламасы аясында бөлінген бұл қаражатқа 11 мыңнан аса мал сатып алынды. Соның 1500-ден астамы Көксу ауданының тұрғындарына тиесілі. Жеңілдетілген несие арқылы төрт-түлігін көбейткен шаруалар қазір мемлекеттік жобаның игілігін көріп отыр.
Ертай Шәріпов «Ауыл аманаты» бағдарламасымен қорасын малға толтырды. 7 млн 600 мың теңгелік несиеге қол жеткізген шаруа «Алатау» тұқымды сиырдың 20-сын сатып алған. Қазір Зеңгі баба төлінің жем-шөбін уақытылы беріп, күйін жақсартуға күш салып жатыр. Себебі ірі қара төлдеген соң тұрақты түрде сүт өндірісімен айналыспақ.
Ертай Шәріпов, Көкбастау ауылының тұрғыны:
- Құрт, май, ірімшік жасап сатамыз деген ойымызда тұр. Сүт сақтайтын тоңазытқыш аламыз. Мұздатқыш. Сүт сауатын аппарат алған жоқпыз. Аппарат аламыз.
Ал Ақтекше ауылында тұратын Ерболат Сләмханұлы негізінен егін және мал шаруашылығымен айналысқан. Мемлекеттік бағдарламамен берілген 7 млн теңгеден аса несиеге ол 30 бас сиыр алып, ірі қара санын арттырды. Қаражаттың қалған бөлігін бөдене алуға жұмсады. Өйткені жұдырықтай құс жылдам өсіп, тез көбейеді.
Ерболат Сләмханұлы, Ақтекше ауылының тұрғыны:
- Қазір мың дана туып жатыр күніге. 35 теңгеден беріп жатырмын. Құс шаруашылығы 45 күнде тез айналымға қаражатқа келеді екен. Бір бөдене 45 күнде туып, аталағын етке, аналығын туып осындай жұмыс атқарылып жатыр. Негізі құс шаруашылығы жақсы кіріс екен малға қарағанда.
Кәсібін әртараптандырған Ерболат 2 ауылдасын жұмысқа алды. Мемлекеттік бағдарламаның жүзеге асуы арқылы ауданда жаңадан 135 адам жұмыспен қамтылды.
Айбек Ахметов, аудандық ауыл шаруашылығы және жер қатынастары бөлімінің басшысы:
- 2023 жылы осы «Ауыл аманаты» бағдарламасы аясында 74 адам өтінім берген, соның 69 адамына несие мақұлданып, 117 млн несие берілді. Оның ішінде 1594 ауыл шаруашылығы жануары алынды. 231 бас ірі қара, 1016 бас қой, 231 бас жылқы алынды.
Жетісу облысында «Ауыл аманаты» бағадарламасына биыл 3,5 млрд теңгеден аса қаражат қарастырылып отыр. Жеңілдетілген несие ауыл халқының кәсіп бастауы үшін, шаруалардың ісін ілгерлетуі үшін беріледі.
Авторлары: Шыңғыс Қалиден, Олжас Байбосынов.