Ақтөбе облысында кәсіп ашқандар көбейді
Ақтөбе облысының Шалқар ауданында бір жыл ішінде 200-ден астам кәсіпкерлік нысан тіркелді, деп хабарлайды 24KZ.
Дені мемлекеттік бағдарламасына иек артып, жеке ісін бастаған. Әсіресе өңірде бұрын-соңды болмаған қызмет түрлері дамып келеді.
Болат Тағыбергенов – Шалқар қаласындағы жалғыз жиһаз цехының иесі. Ауданда бұл сала кенже қалғандықтан, осы кәсіп түрін таңдауды жөн санапты. Тіпті Алматы, Ақтөбедегі білікті мамандардан тәжірибе жинағанын айтады. Цехты жабдықтау мақсатында «Ауыл аманаты» бағдарламасы арқылы 8 млн 700 мың теңге несие рәсімдеген.
Болат Тағыбергенов, кәсіпкер:
- Ауылда бізде сұраныс көп. Себебі біздер Ақтөбеден, Алматыдан алдыру өте қиын. Біздер Шалқардан шығарып жатқаннан кейін қолжетімді баға, оның үстіне цехтің бағасымен беріледі. Сол себепті бізде сұраныс көп. Біздер тіпті үлгере алмай жатырмыз. Енді ұлғайтқымыз келеді. 2-3 жұмысшым бар тігіншімен бірге. Тағы да 10 адамға көбейткім келіп отыр.
Жалпы мемлекеттік бағдарламаға иек артып, кәсіп ашқандар аз емес. Шалқар ауданы бойынша 135 бизнес бастамаға қолдау көрсетіліп, 752 млн теңге бөлінді.
Марғұлан Досжанов, Шалқар аудандық ауыл шаруашылығы және кәсіпкерлік бөлімінің басшысы:
- «Ауыл аманаты» бойынша 22 наубайхана мен кондитерлік цехі, 26 шағын сүт өңдеуге, 3 ет өңдеуге, қалғаны техникалық қызмет көрсету, дөңгелек жөндеу, тігін, шаштараз сияқты бағыттарға ауданның кәсіпкерлері несие алып, өз жұмыстарын бастап жатыр.
Шағын және орта бизнестің даму динамикасын мемлекеттік кірістер басқармасы да растап отыр. Ауданда 3 мыңнан астам жеке кәсіпкер болса, олардың 2370-і оңайлатылған декларация негізінде жұмыс істейді.
Нұрсәуле Қобылашева, Шалқар ауданы бойынша мемлекеттік кірістер басқармасының басшысы:
- 2023 жылдың екінші жартыжылдығында тіркелген кәсіпкерлердің салық тапсыру мерзімі осы жылдың 1 қаңтарынан 15 ақпанға дейін. Олардың салық төлеу мерзімі осы жылдың 25 ақпанына дейін. Осы екінші жартыжылдық бойынша миллион теңгенің көлемінде салық түсімі болады деп күтіп отырмыз.
Жалпы облыста «Ауыл аманаты» бағдарламасы шеңберінде 8 млрд теңгеге 1734 жоба қолдау тапқан. Биыл бизнес бастамаларды қаржыландыру үшін республикалық бюджеттен тағы 19 млрд теңге бөлінеді.
Авторлары: Мансұр Есқожин, Айнадин Молдабеков, Айбек Даутов.