Нарықтағы отандық дәрі-дәрмек үлесін 50 пайызға жеткізу керек
Нарықтағы отандық дәрі-дәрмек үлесін 50 пайызға жеткізу міндеті тұр.
Бұл межеге алдағы 5 жылда қол жеткізуіміз керек.
Былтыр салаға 22 млрд теңге көлемінде инвестиция құйылды. Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметіне сүйенсек, дәрі-дәрмек пен медициналық бұйым шығаратын 15 жаңа кәсіпорын ашылды.
Қазіргі уақытта отандық фармацевтика өнеркәсібінде 160-қа жуық өндіруші жұмыс істейді. Олар 1000-нан астам дәрі-дәрмек пен 1800-ден аса медициналық бұйым түрін шығарады. Бұдан бөлек, 10 вакцина түрі бар.
Былтырғы жылдың он айында 115 млрд теңгенің өнімі өндірілді. Дәрі жасау көрсеткіші бойынша Шымкент, Алматы қалалары мен Алматы облысы көш бастап тұр.
Отандық фармацевтика
Өндірілген өнім көлемі – ₸115,6 млрд (2023 жыл /қаңтар-қазан/)
159 кәсіпорын
1016 түрлі дәрі-дәрмек
1825 түрлі медициналық бұйым
10 түрлі вакцина
Сырттан келетін дәрі-дәрмек те аз емес. Денсаулық сақтау министрлігі ұсынған мәлімет бойынша, 2022 жылы 1 млрд 700 млн теңгенің өнімі импортталды. Ал, былтырғы жылдың 10 айында 1 млрд 300 млн теңгенің дәрісі сатып алынды. Негізгі импорттаушылардың қатарында Ресей, Германия, Италия мен АҚШ бар.
Фармацевтикалық өнімдер импорты
2022 жыл – $1,7 млрд
2023 жыл /қаңтар-қазан/ – $1,3 млрд
Негізгі өндірушілер – Ресей, Германия, Италия, АҚШ
Бағасы туралы сөз қозғасақ. Соңғы мәліметке сәйкес, былтыр дәрі бағасы алдыңғы жылмен салыстырғанда 13,6 пайызға қымбаттады.
Өңірлер арасында ең жоғары қымбатшылық Ақмола облысында анықталды. Мұнда 22 пайызға баға көтерілген. Сондай-ақ, алғашқы үштікке 20 пайыз қымбатшылықпен Солтүстік Қазақстан облысы, 17 пайызбен Алматы қаласы енді. Ал ең арзан дәрі-дәрмек Түркістан облысында. Мұнда дәрі 5 пайызға қымбаттаған.
Дәрі-дәрмек бағасының қымбаттауы
Республика бойынша – 13,6%
Ақмола облысы – 22%
Солтүстік Қазақстан облысы – 20%
Алматы қаласы – 17%
Баға шикізат, тасымалдау шығыны мен инфляцияға тікелей тәуелді екені белгілі. Алайда, оның құны Денсаулық сақтау министрлігі бекіткен межеден аспауға тиіс. Министрлік жылына екі мәрте 7 мыңға жуық дәріге шекті баға белгілейді. Ал, көрсетілген сомадан қымбатқа сатқандарға айыппұл салынады.
Шекті бағадан асырғандарға ₸2,1 млн айыппұл салынды
Қанатбек Беріков, ҚР ДСМ комитеті басқармасының бас сарапшысы:
- Қазақстан дәрі-дәрмектің бағасын мемлекеттік реттеуі бар санаулы елдердің бірі. Қазіргі таңда 2023 жылдан қазіргі күнге дейін шекті бағадан асып кетудің 16 фактісі тіркелген болатын. Яғни 2 млн теңгеден аса айыппұл түрінде жауапқа тартылған екен. Медициналық және фармацевтикалық бақылау комитетінің аумақтықтық департаменттері бар, сонда жүгінсе болады, біріншіден. Екіншіден, телефонда «Дәрі.кз» мобильді қосымшасы арқылы шекті бағаны көріп немесе шекті бағадан асыра сату фактісі тіркелгені анықталған жағдайда өтініш қалдыруына болады.
Яғни, министрлік өкілінің айтуынша, дәріханадағы баға белгіленген мөлшерден асып кетсе, қосымша арқылы шағымдануыңызға болады. Ол үшін әрине қолыңызда дәлеліңіз болуы қажет.
Қымбатшылықты ауыздықтау үшін Үкімет отандық өндірісті нығайтуға күш салуда. Инвесторларды көптеп тартуға назар аударып отыр. Нормативтік құқықтық актілерді жетілдіруді қолға алды. Мамандар құжаттандыру мәселесін реттемей алға басу қиын дейді.
Құжаттандыру ісін реттеу керек
Гүлдария Манақпаева, Фармацевтикалық және медициналық өнімдерді өндірушілер қауымдастығының атқарушы директоры:
- Бізде дәрілік заттар мен медициналық бұйымдарды өндіру үшін және нарыққа шығару үшін бес жылға дейін уақыт өтеді. Оның ішіне не кіреді дейсіздер? Оның ішінде, бір жарым жылға дейін сараптама, сараптама жасау, мемлекеттік тіркеуден өту. Екіншіден, бізде бағалар тіркеледі. Оған да бір жарым жылға дейін уақыт өтеді. Бағасы тіркелгеннен кейін бірыңғай дистрибьютеріміздің өзінің жаңағы сатып алатын тізімі бар. Сол тізіміге ілуіміз үшін тағы бір жыл өтеді.
Инвестор тартуға айрықша назар аударылады
Инвесторларға жағдай жасау көзделіп отыр. Яғни мұнда кедендік баждар мен импортқа салынған құн салығынан босату, мемлекеттік заттай гранттар беру, арнайы экономикалық аймақтардағы кәсіпорындарды қосымша құн салығынан, мүлік және жер салығынан босату көзделген.
Қанатбек Беріков, ҚР ДСМ комитеті басқармасының бас сарапшысы:
- Екінші бір бағытты «Бигфарма» деп атаймыз. Шетелдік ірі фармацевтикалық компаниялардың өндірісін Қазақстан аумағында оқшаулау арқылы инвестициялық тарту бағыты болып табылады. Айта кетер болсам, «Файзер», «Рош», «Дженерал элетрик», «Астразенека», «Самсунг медисон» секілді ірі компаниялармен бүгінгі таңда ортақ инвестициялық жобалар қолға алынуда. Қазіргі таңда 2022 жылғы көрсеткіштермен нақтылап айта аламыз. 22-ші жылғы көрсеткіштермен 20 пайыз өзіміздің отандық дәрі өндірушілердің үлесі, ал қалған 80 пайыз импорттау.
Отандық фармацевтика нарығының көлемі өсті
Дегенмен, қымбатшылық кезеңінде осал топтар да назардан тыс қалған жоқ. Сирек кездесетін дертке шалдыққан науқастардың дәрісіне бюджеттен 75 млрд теңге бөлінді. Сонымен қатар былтыр мемлекет қазынасы мен Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру қорынан медициналық қызмет көрсетуге 2,5 трлн теңге жұмсалды. Осы жерде айтып өтетіні, денсаулық сақтау саласына бөлінетін қаржы көлемі жыл санап 20 пайызға ұлғайып келеді. Соңғы бес жылда отандық фармацевтика нарығы 2 есе өсті.