БҚО жергілікті жерден шыққан сұйытылған газбен қамтылады
Батыс Қазақстан облысының кәсіпкерлері бұрын сұйытылған
газды көршілес Атырау, Ақтөбе облыстарынан тасымалдаса, енді бүгіннен бастап газ құю стансаларына жергілікті өнім жеткізіледі. Желтоқсанның ортасында пайдалануға берілген Рожков кенішінен айына облысқа 1200 тонна пропан берілмек. Қазір кен орнында бір ұңғыма 4300 метр тереңдіктен конденсат өндіріп тұр. Күзге салым тағы 4 ұңғыма іске қосылған соң, облысқа бір айда қажетті 4 жарым мың тонна газ да толықтай жергілікті жерде өндірілетін болады.
Нұрхат Амангелдіұлы, кәсіпкер:
- Үлкен көмек болып жатыр. Бұрынғыдай алыстан тасымаймыз. Бұрын Атырауға жібергеннің өзінде екі күн жолға кетеді, бір күн тұратыны бар кезекте. Ақтөбе соңғы уақытта «автовозға» рұқсат бермеді. Вагонмен, теміржолмен. Ол қымбатшылығы бар. Бірақ ол қымбатшылықты бағаға қоса алмаймыз. Мораторий тұр, артық баға көтеруге болмайды.
Мирас Мүлкәй, БҚО энергетика және ТКШ басқармасының басшысы:
- Ішкі нарыққа сұйытылған газды беріп жатырмыз. Энергетика министрлігімен бірлесіп атқарылып жатырған жұмыс. Сәйкесінше осы жылдың соңына дейін ұңғымаларды іске қосуына байланысты кен орнынан алатын газдың көлемін 4 мың тоннаға айына жеткізгісі келіп отыр. Сәйкесінше осы кен орнынан Батыс Қазақстан облысының барлық қажеттілігі жабылатын болады.