Түркістан облысында лимон мен құлпынай өсірушілердің саны артып келеді

Түркістан облысында жылыжайда лимон мен құпынай өсірушілердің саны артып келеді.

Сарыағаштық диқандардың өнімі қазір елордадағы сауда сөрелеріне шығып жатыр. Мамандар жергілікті өнімнің сапасы мен бағасы сырттан келетіндерге қарағанда анағұрлым жақсы, дейді.

Бағыс ауылының тұрғыны Манатәлі Таңсықбаевтың жылыжайында лимон теру науқаны басталды. Бағбан цитрустық жемістің «Меир» деп аталатын сортын еккен. Қазір қабығы жұқа лимоннан мол өнім алып жатыр. Шаруа лимон ағашын жақсылап күтіп баптаса, 3 жылдан кейін өнім береді, - дейді. Ал бір түптен 250 келіге дейін өнім алуға болады. Жеміс ағашының бір артықшылығы – өнімі жылдан жылға көбейе береді. Бағбан жемістің әр келісін мың теңгеден саудалап жатыр. 

Манатәлі Таңсықбаев, бағбан:

- Бүкіл Қазақстаннан сұраныс түсіп жатыр. Қазір бірақ диқан алқап басынан сатқаны жақсы ғой. Астананың базарына бара жатыр біздің лимондар.

Сарыағаш қаласындағы жылыжайлардың бірінде құлпынай пісіп тұр. Ашрафи Шымбергенов құлпынайдың қыстық сортын бір гектар жерге еккен. Оның көшетін Кореядан алып келді. Көктем шыққанға дейін 20 тонна құлпынай сатуды жоспарлаған.

Ашрафи Шымбергенов, шаруа:

- Сол үшін шетелден алып келіп жатқандар олардың бәрі химиялық дәрілеп алып келіп жатқан жағдай. Қазір бізден өнім шығып жатыр. Олардан гөрі бізде арзандау әрі тәтті. Әрі табиғи жолмен шығарылған. Бүгін терілсе ертең Қазақстанның қалаған қаласына жеткізіп бере аламыз. 

Түркістан облысының климаттық жағдайы жайлы болғандықтан мұнда субтропикалық өсімдіктерді жылыжайда жерсіндіру жүйелі қолға алынған. Өңірде 13 гектар лимон, 5,3 гектар банан және 21 гектар құлпынай өсіріліп, өнім беруде.

Ақтөре Түймебек, ауыл шаруашылығы басқармасының бөлім басшысы:

- Олардан 3,6 мың тонна лимон және 1,2 мың тонна құлпынай өнімдері алынды. Жалпы өнім ішкі нарыққа және экспортқа жіберілуде. Мемлекеттік қолдаулардан құлпынай өніміне сатып алған тыңайтқыштың 50%, қолданылған пестицидтердің 50% және әр сатып алған көшетіне 120 теңгеден мемлекеттік қолдау қарастырылған. 

Жалпы республикадағы жылыжайлардың 71%-ы Түркістан облысына тиесілі. Оның 63 гектары өнеркәісіптік жылыжай болса, 1577 гектары фермерлік жылыжайлар. Айта кетейік, жылыжай өсірушілерге желтоқсан айынан бастап субсидия беру басталды.

Жандос Жұмабек, Ерболат Әбіш