Шағын бизнестің несиесі көбейді
Қазақстандықтар зейнетақы қорындағы 20 млрд теңгеге жетер-жетпес соманы жеке басқарушы компанияларға табыстады.
Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорында 17 трлн-нан астам қаражат барын ескерсек, бұл – өте аз көрсеткіш. Неге олай?
Зейнетақы қорындағы жинақтың 50%-іне дейінгі соманы белгіленген 5 инвестициялық компанияға табыстап, қордағы қаржыны еселеу мүмкіндігі берілген. Алайда қазақстандықтар қаржы секторына аса сенбейтін сыңайлы. Есесіне жеке кәсібін өрбіту мақсатында микроқаржы ұйымдарынан несие алуға бейімделе бастады.
Шағын бизнестің несиесі көбейді
Отандастарымыздың жеке кәсібіне бөлінген несие көлемі былтыр 10%-ке өскен. Қазақстанның бірінші кредиттік бюросы бүгін 2023 жылды қорытындылады. Ұйым мәліметінше, азаматтардың бизнес кредитке сұранысы біртіндеп артып келеді. Бір қызығы, несиені жеке кәсіпкер ретінде тіркелген заңды тұлғалардың емес, жеке тұлғалардың атынан рәсімдеу дерегі көбейіпті. Сонымен былтыр 286 млрд теңге көлемінде кредит үлестірілді. Алдыңғы жылмен салыстырғанда бұл 47 млрд 300 млн теңгеге артық. Өсім – 20%. Кәсіпті өрбітуге алынған несиенің 83%-і қысқа мерзімге, яғни 6 айдан 3 жылға дейін рәсімделген.
2023 жылы екінші деңгейлі банктер 1 млрд 900 млн теңге мөлшерінде несие бөлді. 2022 жылмен салыстырғанда бұл 27,5%-ке кем. Яғни, 700 млн теңгеге аз. Жеке тұлғалар несиені көбіне микроқаржы ұйымдарынан алыпты. Оның сомасы 276 млрд 400 млн теңгені құраған. Бұл алдыңғы жылмен салыстырғанда 47 млрд-қа артық. Өсім – 20%. Өзге де қаржы құралдарын қолданғандар 7 млрд 700 млн теңгенің несиесіне қол жеткізді. Осылайша, шағын кәсіпті дөңгелетуге арналған несиенің 97%-і дәл осы микроқаржы ұйымдарының үлесінде.
Жаңа бизнеске деп несиеге өтініш бергендердің дені – заңды тұлғалар емес, жеке тұрғындар. Бұған не себеп?
Себеп мынада. Заңды тұлға несие алса, оның мөлшерлемесі жоғарырақ болады екен. Сол себепті жеке кәсіпкер ретінде тіркелсе де, шағын бизнесі барлар кредитті өз атынан рәсімдеуді жөн көреді екен.
Енді ақша сомасына тоқталсақ, қаржы ұйымдары бөлген қаражаттың 38%-і – 1 млн теңгеге дейінгі несиелер. Әлгінде айтып кеткеніміздей, бұндай мөлшердегі несие қысқа мерзімге алынды. Былтыр қаңтар мен желтоқсан аралығында рәсімделген қарыздың мөлшері мына кестеде келтіріледі. Жыл басында бөлінген несие 16 млрд-тан сәл асады, бұл – ең аз көрсеткіш. Ең көп мөлшердегі кредит қыркүйек айында үлестірілді. Шағын кәсіпті дөңгелетуге арналған несиенің орташа мөлшері 25 млрд теңге шамасында.
8 300 қазақстандық банкрот атанды
Қаржы ұйымдарына берешегін қайтара алмай, қарызға белшесінен батқандар сотқа жүгінбей, өзін банкрот жариялауға мүмкіндік алған еді. Бүгінде 77 мың қазақстандық тиісті өтініш берген. 8 мың 300-і ғана банкрот болып танылды. Берешектің орташа сомасы 1 млн 600 мыңнан асып жығылады. Ал оның медианалық мәні 961 мың теңгеден артылады. Ең аз мөлшері 3 мың теңгеге жуықтайды. Ең қомақты қарыз 920 млн теңгеден асады. Қазақстанның бірінші кредиттік бюросының төрағасы Руслан Омаровтың пікірінше, банкроттықты іске асыру процесі тым күрделі. Сол себепті 62 мың өтініш қанағаттанбады.
Руслан Омаров, Қазақстанның бірінші кредиттік бюросы басқармасының төрағасы:
- Іс жүзінде көріп отырғандай, банкроттықты іске асыру процедурасы аса тиімді болмай шықты. Бұны мемлекеттік органдар да мойындап отыр. Осы себепті процедураны оңтайландыру жоспарланып отыр. Әзірге оның нақты қалай іске асатыны белгісіз. Дегенмен банкроттыққа өтініш беру көрсеткішінің төмендігі қуантады. Себебі борышкерлерді банкрот деп жариялау оларға абырой әпермейді. Жұрт банкроттық салдары ауыр болатынын түсінуге тиіс. Мысалы, бір адам 3 мың теңгеге бола өзін банкрот деп тануға өтініш беріп, өзіне өзі қиянат жасады. 5 жыл бойы несие алу мүмкіндігінен айырылғаны аздай, енді оның табысын Мемлекеттік кірістер комитеті және басқа да қаржы органдары үнемі бақылап отыратын болады.
Зейнетақы қоры 21,8 %-ға ұлғайды
Қазақстандағы зейнетақы қоры 22%-ке ұлғайды. Жыл басындағы жағдай бойынша Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры салымшыларының шоттарында 17 трлн 900 млрд теңге жиналды. Жинақтың едәуір өсуіне ай сайынғы жарналардан бөлек, былтырғы таза инвестициялық кіріс ықпал етті. Оның мөлшері 1,5 трлн теңгеден асқан. Алдыңғы жылмен салыстырғанда бұл көрсеткіш 685 млрд теңгеге артық болып шықты. Бүгінде 12 млн 300 мың салымшы Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорынан шот ашқан.
Айта кетейік, елімізде жинақтың тең жарымын жеке басқарушы компанияларға табыстау мүмкіндігі бар. Осылайша, зейнетақы жинағын инвестиция есебінен еселеуге болады. Алайда бүгінде тек 20 млрд теңге аударылған. Осыған қарағанда, қазақстандықтар тәуекелге дайын емес. Өткен аптадағы брифингте Ұлттық Банк төрағасы Тимур Сүлейменов осыған қатысты мынадай пікір білдірген еді.
Тимур Сүлейменов, ҚР Ұлттық Банкі төрағасы:
- Қаржы секторына сенуді қайта үйренуіміз керек сияқты. Бесеуі де – лицензиясы бар, сенімді компания. Екіншіден, бұл компаниялар халықты тиісті деңгейде ақпараттандыруға тиіс деп ойлаймын. Ал қаржының 100%-ін инвестицияға құю мәселесіне келсек, меніңше, алдымен жартысын сеніп тапсыра алсақ жақсы. Содан кейін ойлануға болады. Дей тұрғанмен біз кез келген ұсынысты қарауға дайынбыз. Өйткені бұл құнды қағаз нарығы мен зейнетке шыққандағы табысымызға тікелей әсер етеді. Алайда нарық тарапынан белсенділік байқалмайды.