Ә.Смайылов Қостанай облысында «Ауыл аманатының» жүзеге асу барысымен танысты
Қостанайда машина жасау саласы қарқынды дамып келеді.
Жергілікті зауыттан былтыр 90 мың көлік шығарылды. Алдағы жылдары бұл көрсеткіш еселене түспек. Премьер-министр Әлихан Смайыловтың қатысумен кәсіпорында тест түрінде «Chevrolet Onix» автокөлігінің желісі іске қосылды. Сонымен қатар өңірде КIA зауытының құрылысы жүріп жатыр. Қостанайға жұмыс сапарымен барған үкімет басшысы осы аталған және басқа да өндіріс орындарында болып, олардың тыныс-тірлігімен танысты.
Айналасы ат шаптырым мынау үлкен аумақта келер жылы жаңа автозауыт бой көтереді. Жоба құны 90 миллиард тенге. Бұл жерде КIA брендінің үш моделі шығарылады.
Ким Де Ки, "KIA Qazaqstan" ЖШС бас директоры:
- Kia Qazaqstan компаниясы былтыр сәуірде құрылып, қазан айында Қостанайда зауыт құрылысы басталды. 2025 жылдың маусым айынан бастап зауытта жыл сайын 70 мың KIA автомобилі шығарылады. Жобаға шамамен $200 млн инвестиция саламыз. 1,5 мыңға жуық жұмыс орнын құрып, автомобиль өндірісіндегі тәжірибемізді бөлісеміз.
Бұдан бөлек алдағы айларда жергілікті автозауытта «Chevrolet Onix» желісі іске қосылмақ. Бұл қолжетімді көлік түрінің өндіріске енгізілуімен 400 жұмыс орыны ашылды. Машина жасау саласының импорт алмастыру бағытында да айтарлықтай жетістіктер бар. Мысалы, «Агромашхолдингке» қарасты оқшаулау орталығында ауыл шараушылығы техникасының 5 мыңға жуық ірілі-ұсақты бөлшектері өндіріледі.
Әлихан Смайылов, ҚР премьер-министрі:
- Бұл өте маңызды орталық. Неге десеңіз, қосымша қосылған құн Қазақстанда болады. Және жұмыс орындары Қазақстанда болады. Шағын және орта бизнесті дамытуға мүмкіндік болады. Сондықтан осындай индустриалды зоналарда шағын бизнесті тарту үшін біз жағдай жасаймыз.
«Ауыл аманатының» игілігі
Былтыр қолға алынған мемлекеттік «Ауыл аманаты» бағдарламасы өзінің тиімділігін көрсетті. Қостанай облысында осы жобаға 300-ге жуық адам қатысты. Солардың бірі Қымбат Көкиева. Ол 2,5 проценттік жеңілдетілген несиеге етті тұқымды 13 ірі қара сатып алды. Жас кәсіпкер онымен тоқтап қалмақ емес.
Қымбат Көкиева, кәсіпкер:
- Алдағы уақытта мал басын көбейтіп, ет дүкенін ашқым келеді. Дайын өнімдер шығаруды қолға алсам деймін. Сосын болашақта өндірістік ет цехын ашу жоспарда бар.
Әлихан Смайылов, ҚР Премьер-министрі:
- Жалпы біз көріп отырмыз «Ауыл аманаты» бағдарламасы тиімділігін көрсетіп жатыр. Былтырдан бастап біз барлық өңірлерде осы жобаны іске асырудамыз. Былтыр 12 мың микронесие берілді. Биыл тағы да 100 миллиард тенге бөліп, 17 мың несие береміз. Әрі қарай жыл сайын осы бағдарламаны кеңейтетін боламыз.
ІТ жобалар таныстырылды
Қостанайда талапты жастарға барынша қолдау көрсетіледі. Былтыр ІТ саласын игеріп жүргендер үшін жеке ғимарат салынды. Бұл жерде әркім жоғары технологиялы жобаларын зерттеп жетілдіреді.
Санжар Кұсдәулетове, IT-хаб резиденті:
- Біздің стартапта оқуға түсу үшін қажетті ақпарат жинақталған. Бұл жобамен жарты жыл жұмыс істедік. Қазір 508 жоғары оқу орынына қатысты мәліметтер базасы бар. «Каспиан-Стартап-2023» байқауында 213 команданың ішінде үздік ондыққа кірдік.
Осы орталықта болған Әлихан Смайылов жергілікті ІТ-қауымдастық өкілдерімен кездесіп, олардың стартап жобаларымен танысты. Қостанайға жұмыс сапары соңында Премьер-министр облыстың әлеуметтік-экономикалық дамуы жөнінде кеңес өткізді.
Мағауия Қалиев, Сергей Трахтенберг, Ермек Мұхамедияров