Павлодардағы зауытта битум өндіретін пеш іске қосылды

Павлодар мұнай-химия зауытында битум өндіру қондырғысының пеші іске қосылды.

Экономикалық және экологиялық тұрғыдан тиімді жоба елімізде битум тапшылығын жою мақсатында жүзеге асырылды. Бұл пеш, әсіресе, ішкі нарықта жол құрылысына қажет жоғары сапалы шикізат өндіруге сеп болмақ. Жаңа нысанның жұмысымен «ҚазМұнайГаз» Ұлттық компаниясының төрағасы Мағзұм Мырзағалиев танысты.

Жаңа пеш құрылысы өткен жылы басталды. Мақсат битумға деген тәуелділікті жою. Елімізде жол құрылысына қажет материалдың бір бөлігі шетелден тасымалданатыны белгілі. Нысан жұмысы көрсеткішті 15%-ке ұлғайтуға қауқарлы. Яғни, өндірістік қуаттылық айына 52 мың тоннаға жетпек. 

Мағзұм Мырзағалиев, «Қазмұнайгаз» ҰК АҚ Басқарма төрағасы:

- Бұл әрине өте қомақты үлес. Сонымен қатар Павлодар зауытында біз биыл битумды сақтайтын жаңа резервуарда жобалау жұмыстарын бастадық. Яғни келесі жылы сол құрылысты бастаймыз деген ойымыз, жоспарымыз бар. Ол бізге не береді? Әрине битумды сатып алу, ол маусымға байланысты, яғни маусымдық процесс. Сол процесстен кішкене жою үшін немесе азайту үшін соның әсерін.

Бұл шикізат тапшылығын болдырмауға бағытталған жобалардың бір сыпырасы ғана. Бүгінгі таңда Ақтау битум зауытының қуаттылығын 50%-ке арттыруға мүмкіндік беретін қытайлық серіктестермен бірлескен жоба қолға алынған. 

Мағзұм Мырзағалиев, «Қазмұнайгаз» ҰК АҚ Басқарма төрағасы:

- Қазіргі таңда сол зауыттың қуаттылығын арттыру мақсатында біз жобалау жұмыстарын бастадық. Осы жоба бойынша былтыр біз Президенттің Қытайға барған сапары аясында «Сити» компаниясымен сол нәтижеге, жаңағы келісімге қол жеткізіп, қол қойдық. Қазіргі таңда 500 мың тонна битум өндірсе, енді 700 мың тоннаға ұлғайтуға болады. 

Бұл қолданыстағы битум өндірісін жаңғырту мақсатындағы алғашқы жоба. Технологиялық пеш өнеркәсіптік қауіпсіздік және заманауи экологиялық нормаларға сай. Заманауи құралдармен жабдықталған нысан қоршаған ортаны ластайтын заттардың көлемін айтарлықтай азайтуға да сеп болады.

Ақмарал Есімханова және Марат Игіліков