Астық экспорты төмендейді

2023 жылы Қазақстанда ұн тарту көрсеткіші төмендеді.

Былтыр  елімізде 259 мыңнан астам тонна ұн өндірілді. Алдыңғы жылы оның көлемі  300 мың тоннаға жуық болған еді. Бұл туралы ұлттық статистика бюросы хабарлады.  Былтыр отандық астықтың экспорты ұлғайғанымен одан түскен ақшалай табыс көп болған жоқ. Астық саудасынан түскен пайда неліктен азайды?

2023 жылы қазақстандық астықтың экспорты ұлғайды. Алайда одан түскен табыс артпады. Былтырғы 11 айды талдаған ұлттық статистика бюросы осындай дерек келтіреді. Қаңтар- қараша аралығында 6 млн 700 мың тонна бидай сыртқа саудаланып, 1 млрд 700 млн АҚШ доллары көлемінде кіріс әкелген. Экспорт 20 пайызға ұлғайғанымен, ақшалай өсім небәрі 3 пайызды құрады.

Астықтың ТМД елдеріндегі саудасына үңілсек: Өзбекстан мен Түрікменстанға жіберілген өнім көлемінің артқанын байқауға болады. 2022 жылғы көрсеткішпен салыстырсақ, қос елден түскен пайда 91 млн АҚШ долларына жуықтайды. Дей тұрғанмен, Тәжікстан, Әзербайжан және өзге ТМД елдеріне өткізген астық мөлшерінің едәуір азайғанын, сәйкесінше табыстың да төмендегенін көреміз. 

ТМД-дан өзге мемлекеттерге астық тасымалының статистикасы мынадай. 519 мың тоннадан астамы  Қытайға саудаланды. Алдыңғы жылы небәрі 23 мың тоннасын жіберген едік. Сөйтіп, шығыстағы көршіге экспортты ұлғайту арқылы 133 млн АҚШ доллар көлемінде пайда көрдік. Бір қызығы, негізгі нарық саналатын Ауғанстан мен Иранға жіберілетін бидай көлемі азайды. Есесіне отандық астықтың Италия, Түркия, Латвия сияқты басқа да елдерге экспорты артты. 

Жалпы экспорттан түскен табыс азайды деп алаңдауға әзір негіз жоқ. Қазақстандық астық одағының ресми өкілі Қазыбек Омаров "соңғы 4-5 жылдағы пайданың көлемі 100 пайыздан асқан" дейді. Осы аралықта бидай бағасы 35-38 пайызға өсті. Оған қоса 2022 жылы жаһанда егін молынан жиналып, нарықта ұсыныс көбейген. Сол себепті баға төмендеді.

Қазыбек Омаров, Қазақстан астық одағының ресми өкілі:

- Бағалар төмен түсетін себебі астық экспортының көлемі артқанмен баға шамамен 13-14 пайызға төмен түсіп кетті. Егер 22 жылы 11 айында орташа баға 300 доллар болатын болса экспорттық, 23 жылы 11 айындағы орташа баға 260 доллар болып тұр. Сондықтан осындай жағдай.

Ал былтырғы егіннің өнімділігі аз болды. Сапасы да анау деп айтарлықтай емес. Өйткені жазда қуаңшылық болды. Күзгі орақ мезгілінде керісінше жауын құйды. Бұл әрине қайта егілер дәннің сапасына әсер етпей қоймады. Сондықтан, көктемгі егістік науқанында диқандарға үкіметтен үлкен қолдау қажет, дейді астық одағының ресми өкілі.   

Қазыбек Омаров, Қазақстан астық одағының ресми өкілі:

- 24 жылдың нәтижесінде сәл төмендеуі мүмкін. себебі айтып отырғанымдай астық көлемі аз әрі сапасы төмен болғандықтан сапасы төмен болмаған жағдайда да астық көлемі азды қылады. Әрине төмен болады. Құдай қаласы 24 жылдың астығымен түзеледі, 24 жылы қыркүйек айында жаңа ырыс келеді. Сонымен жылдың соңғы 3-4 айында біраз астықты шығаруға болады.

Инвестиция әлеуеті

Ауыл шаруашылығының ең негізгі саласына құйылған инвестцияға тоқталсақ. 2023 жылы дәнді және бұршақты дақылдарды өсіруге 465 млрд астам қаржы құйылған еді. Бұл алдыңғы жылдан 3 пайызға көп. Ең қомақты инвестиция тартылған аймақтар мына картада көрсетілген. Солтүстік Қазақстанға 126 млрд 600 млн, Қостанай облысына 89,5 млрд, ал Ақмола өңіріне 78 млрд теңге жұмсалды. Жалпы елдегі 20 аймақтың 16-сына инвестиция құйылған. Бірақ астыққа арналған қойма салу мәселесі сәл іркіліп қалды. Былтыр бұған 8 млрд теңге құйылыпты. Алдыңғы жылдан 13 пайызға аз.