Мұнай жеткізуді квоталау тетігі ашық емес

24.kz

Мұнай жеткізуді квоталау бойынша мемлекет қолданып отырған тетік ашық емес.

Ішкі нарықта қара алтынның көлемін белгілейтін нормативтік-құқықтық актілер жоқ. Бұл туралы Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігінің өкілдері мәлімдеді. Энергетика министрлігі ай сайын бекітетін кестеге сәйкес, жер қойнауын пайдаланушылардың ішкі нарыққа мұнай жеткізудегі үлесі 30 пайыздан 60 пайызға дейінгі аралықта. Бұл компаниялардың жүктемесі мен кірісіне тікелей әсер етеді. Агенттік мұнай сату нарығындағы бәсекелестіктің жай-күйіне талдау жасаған. Кешенді іс-шара соңғы екі жылды қамтыған. Айта кетейік, кейінгі 10 жылда елімізде мұнай өнімдерін тұтыну көлемі 28 пайызға өскен. Ішкі нарықта 1 тонна мұнайдың бағасы экспорттық бағадан 55-70 пайызға төмен.

Рахим Қасенов, ҚР Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігінің басқарма басшысы:

- Мұнайдың ішкі бағасын субсидиялау жер қойнауын пайдаланушылар есебінен жүзеге асырылады. Энергетика министрлігінің болжамы бойынша 2030 жылға қарай олар өндіретін мұнай көлемі 5 млн тоннаға немесе 15% - ке төмендейді, ал тұтынудың өсуі 20% деңгейінде болжанады. Ағымдағы жағдай сақталса, бұл мұнай өндірушілердің ішкі нарықты субсидиялау мүмкіндіктерін азайтып жібереді.