Үкімет кәсіпкерлерді кей салық түрлерінен босатпақ
Елдегі жалпы ішкі өнімнің 36%-і шағын және орта бизнестің үлесінде.
Енді Үкімет алдында бұл көрсеткішті 2030 жылға дейін 40%-ке көбейту міндеті тұр. Осыған орай саладағы артық талаптар жойылып жатыр. Алайда кәсіптің көкжиегін кеңейтуге кедергі әлі көп. Мәселен, әкімдіктер нысандарды базалық инфрақұрылымға толық қоса алар емес. Сондай-ақ өңдеу өнеркәсібіне салық жағынан жеңілдік керек. Бұл туралы Премьер-министр Әлихан Смайылов айтты. Үкімет басшысы кәсіпкерлерді кейбір салық түрлерінен босатуды тапсырды. Одан бөлек, әкімдер инженерлік желілерді тартуды жеделдетуі қажет. Бизнес иелері де өз міндетін мінсіз атқаруға тиіс.
Әлихан Смайылов, ҚР Премьер-министрі:
- Әкімдіктер бизнестің базалық инфрақұрылымға қосылу бойынша өсіп келе жатқан қажеттілігін игере алмай отыр. Өңірлер жоспарланған жобаларды уақытылы пайдалануға беру үшін инженерлік желілер мен коммуникацияларды жеделдетіп жүргізулері қажет. Кәсіпкерлер де қарсы міндеттеме алуы керек. Ең алдымен, бизнес әлеуметтік тұрғыдағы жауапкершілікті көтеруі тиіс.