Ақмола облысында еліктер қолдан қоректендіріліп жүр

Қар қалың, тебіндеу қиын болғандықтан Ақмола облысында еліктер азық іздеп, қала маңын жағалап жүр.

Дала жануарларын жергілікті тұрғындар камераға түсіріп, әлеуметтік желілерге салып жатыр. Қазір қорықшылар еліктерді қолдан қоректендіруге көшкен. 

Абзал Балтабаев, тілші:

- Биылғы қыс еліктерге оңай соқпай тұр. Сақылдаған сары аяз бен қалың түскен қардан дала жануарлары тебіндей алмай қалды. Сондықтан қорықшылар осындай жем шөптер мен қайың жапырақтарын дайындап, еліктерді қоректендіріп тұрады.

Қорықшылардың қыстағы басты жұмыстарының бірі жануарларды қолдан жемдеу. Себебі қардың қалыңдығы оларға жем тауып жемек түгілі, жүріп-тұрудың өзіне қиындық тудырады. Сондықтан, қазір аймақтағы 130-дан астам аңшылық шаруашылық базасында арнайы жемдеу алаңқайлары жасалған. Қорықшылар аптасына бір мәрте жануарларды қоректендіреді.

Дмитрий Ястремский, қорықшы:

- Біз еліктердің орынын іздері арқылы табымыз. Сосын әкелген жем шөбімізді сол жерге саламыз. Бұл жұмыс жыл сайын жүргізіледі. Сондықтан, дала жануалары әбден үйреніп алғам. Әсіресе, олар түнгі уақытта келіп қоректенеді.

Соңғы жылдары өңірде еліктердің миграциясы байқалады. Былтырғы санақ бойынша еліктердің саны шамамен 16 мыңға жуықтайды.

Ержан Сағынаев, орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі аумақтық инспекциясының бас маманы:

- Еліктер көрші Ресей елінен келіп жатыр деген болжам бар. Ал олардың санына тоқталсам, біз негізінен санақты көктемде жүргіземіз. Бірақ, қазіргі уақытта шамамен тек бір аңшылық шауруашылықтың өзінде 2 мыңға жуық елік жүр.

Үйір-үйірге бөлініп, даланың сәні болып жүрген еліктерді көргенде еріксіз көз қуанады. Бірақ оларды тек қоректендіріп қана қоймай, қаупісіздігін қадағалау да маңызды. Қазір қала маңында жүрген дала жануарларына қаңғыбас иттер ауыз сала бастаған. Одан бөлек заңсыз аулау деректері де тіркелді. Жыл басынан бері елікті атып алған екі браконьер ұсталды.

Ержан Сағынаев, орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі аумақтық инспекциясының бас маманы:

- Шортанды маңында 6 қаңтар күні елікті атқан екі адам ұсталды. Қазір тергеу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Жалпы жабайы жануарларды заңсыз аулағандарға 1 миллион 384 мың теңге айыппұл салынады. 

Қорықшылар дала жануарларын қала ішінен далаға қуып тұрады. Өйткені, көшелерге шыққан еліктер көлік қозғалысына кедергі келтіреді. Тек соңғы айларда 10-ға жуық жол оқиғасы тіркелген. Жалпы, жабайы жануарларды қоректендіру наурыз айына дейін жалғасады. 

Абзал Балтабаев, Евгений Шинкаренко