Қазақстан Роттердам портын ынтымақтастыққа шақырды
Нидерландыға жұмыс сапары аясында еліміздің Көлік министрі бастаған қазақстандық делегация мүшелері Еуропаның ең ірі Роттердам портында болды, деп хабарлайды 24KZ.
Сондай-ақ Гаагадағы екіжақты бизнес-форумға қатысты. Марат Қарабаев голландиялық инвесторларды біздегі көлік жобаларына белсендірек инвестиция салуға шақырды.
Жанат Эрнст, тілші:
- Еуропалық қайта құру және даму банкінің зерттеуі бойынша Қазақстан арқылы өтетін Орта дәліз бағыты ең тиімді жол ретінде танылды. Бұған Ақтау және Құрық теңіз порттары арқылы жүк тасымалдау көлемінің айтарлықтай артуы дәлел. 2023 жылы көрсеткіш 2 миллион 800 мың тоннаға жетті.
Қазақстан-Нидерланд бизнес-форумының ашылуында сөз сөйлеген еліміздің Көлік министрі Марат Қарабаев биыл бұл көрсеткішті 4,5 миллион тоннаға жеткізу жоспарын атап өтті. Сондай-ақ ол 36 көліктік инвестициялық жобаны таныстырып, голландықтарды Қазақстанның теңіз порттарын жаңғырту ісіне атсалысуға шақырды.
Марат Қарабаев, ҚР Көлік министрі:
- Бірінші мәселе – көліктік дәліздегі жалпы көлік саласындағы инвестициялық мүмкіндіктерді көрсету. Ал екінші мәселе – біз қазір жол саласына көптеген ірі қаржырандыру тартып жатырмыз, яғни әлемдегі институттардың қаржыландыруы. Сондай-ақ бізге өте маңыздысы – осы салаға, жол-құрылыс саласына Еуропадан ірі компаниялардың Қазақстанға келуі. Жол саласына өз үлесін қосса, яғни ең бастысы жаңа материал және сапалы жол салуды қамтамасыз етсе.
Хэнк Нибур, Қазақстан-Нидерланд кәсіпкерлер қауымдастығының басшысы:
- Қазақстан Орта дәлізді дамытуда жетекші рөл атқарады және осы бағыттың негізгі бөлігі болып табылады. Сонымен қатар Қорғас теміржол терминалы және Ақтау мен Құрық теңіз порттары да бұл дәліз үшін өте маңызды. Қазақстанның бізді серіктес ретінде танып, осы дәлізді бірлесіп, дамыту жобаларына ашық шақырғанына өте қуаныштымыз.
Марат Қарабаев Роттердам портында өткен кездесуде қазақстандық порттарды Каспий теңізінің жетекші тораптарына айналдыру, теңіз флотын нығайту және Ақтауда контейнерлік хаб құру туралы баяндады. Қуаттылығы 40 ГВт болатын «жасыл» сутегін өндіретін болашақ зауыт туралы айтып, серіктестерді ынтымақтастыққа шақырды.
Марат Карабаев, ҚР Көлік министрі:
- Әрине, осы APM Terminals сияқты және олардың құрамына кіретін тағы да Maersk деген осы әлемдегі ең ірі тасымалдаушымен айналысатын көлік компаниялардың баршасыны мына Транскаспийлік көліктік дәлізіне жұмылдандыру және сол дәлізге тарту. Яғни, осы еуропалық тауарларды Азияға Транскаспийлік көліктік дәлізі арқылы өткізу мәселесі.
Иэн Роулинсон, APM Terminals Poti компаниясының коммерциялық директоры
- Қазақстан – Орта дәліздің қақ ортасында орналасқан және инфрақұрылымды дамытушы компаниялармен, түрлі операторларымен қарым-қатынасты жақсартып келе жатқан мемлекет. Біз бүгін Ақтау портын дамыту жолдарын талқыладық. Осы порттың Орта дәліз бағыты бойынша жүк тасымалдаудашы ретіндегі рөлін арттыруға зор мүмкіндік бар деп ойлаймыз.
Воутер Деменинт, Роттердам портының бизнес-менеджері:
- Біз Роттердам портының қазіргі дамуын да, оның болашақтағы көмірқышқылсыздандыру жобаларын да талқыладық. Сутегі өнімдерінің импортын ұлғайту жолдарын іздестіріп жатырмыз және бұл ретте Қазақстан үлкен рөл атқара алады деп ойлаймыз. Бізге жаңартылатын энергияны экспорттау үшін жасыл аммиакты өндіруге мүмкіндігі мол елдер қажет. Қазақстанның мұндай өндіріске ден қоюы – жалпы елдің дамуы үшін өте жақсы мүмкіндіктің бірі.
Марат Қарабаев Роттердам портының өкілдерін Еуропа мен Азия арасындағы транзиттік бағыт ретінде қазақстандық платформаларды пайдалануға және еліміздің теңіз порттарының ауқымды жобаларына инвестиция салуға шақырды.
Авторлары: Жанат Эрнст, Жомарт Ахметов.