Қазақстан мен Өзбекстан тоқыма өндірісінде тәжірибе алмасып жатыр

Қазақстан мен Өзбекстан тоқыма және тігін өндірісінде тәжірибе алмасып жатыр, деп хабарлайды 24KZ.

Тіпті екі елдің ірі бизнес өкілдері Түркістанда бірлескен фабрика ашуы мүмкін. Мемлекет бұл іске қолдау көрсетпек. Қазақстан жобаға жұмсалатын шығынның 70%-ін өтеуге дайын. Нәтижесінде жүздеген жұмыс орны құрылып, дайын өнім үлесі артуға тиіс.

Бұл – Ташкент іргесіндегі тоқыма фабрикасы. Кәсіпорынның негізін жергілікті кәсіпкер қалаған. Қуаттылығы жылына 120 млн доллардан астам мақта жібін өндіруге жеткілікті. Әрі 1000 адамды жұмыспен қамти алады.

Рауан Мыңбаев, тілші:

- Өзбекстанда мұндай кәсіпорынды құруға шамамен 100 млн доллар жұмсалады. Өйткені тоқыма және тігін өндірісі миллиардтаған инвестицияны қажет етпейді. Бастысы, әлеуметтік салаға әсері зор. Яғни, бір ғана кәсіпорында жүздеген адам жұмыспен қамтылып отыр. Бұл салаға жеке кәсіпкерлердің қызығушылығы басым. Қаржысын өндіріске құйып, мемлекетпен бірге өңдеу өнеркәсібін өркендетіп келеді.

Әзірге фабрика толық қуатында жұмыс істеп тұрған жоқ. Дегенмен қазірдің өзінде өнімі Түркия, Еуропа және Қытайға экспортталады. Өндірістік желі Швейцариядан әкелінген. Мақтаны толық тазартудан өткізіп, иірілген жіпке айналдырады.

Шароф Құйланов, маркетинг бөлімінің басшысы:

- Фабрика өнімінің 90%-і экспортқа жөнелтіледі. Басым бөлігін Түркия мен Қытайға сатып жатырмыз. Польша, Румыния, Португалия және Бангладешке де тасымал көлемі бар. Оңтүстік Америкаға тәжірибе түрінде жіп экспорттап көрмекпіз. 10% өнім тапсырысқа байланысты ішкі нарыққа жіберіледі. Жалпы экспорт ауқымы кеңейіп келеді.

Жалпы осындай өндірістің бірнеше түрін Қазақстанда ашуға болады. Мамандардың айтуынша, біздегі тоқыма саласына арналған жеңілдіктер Өзбекстанмен салыстырғанда тиімдірек. Айталық, мемлекет жобаның 70%-іне дейін қаржыландырады.

Шерзод Әлімов, тоқыма кәсіпорнының директоры:

- Өзбекстанда ауыл шаруашылығы және оның ішінде тоқыма өндірісін дамытуға қатысты ауқымды реформа жүргізілді. Бізге Ташкент облысында инвестициялық міндеттемелерімен 15 гектар жер бөлінді. Жоба құны – 96 млн еуро. Қазір 780 адам жұмыс істейді. Иірілген жіптің түр-түрін шығарып жатырмыз.

Кәсіпорынның Сұрхандария облысында мақта алқабы да бар. Яғни, шикізат өндіруден бастап дайын тауар шығаруға дейін өндірістік желі қалыптасқан. Қазақстандық дипломаттар көрші елдің тоқыма саласындағы тәжірибесін зерделей келе, өзара сауда айналымын арттыру мүмкіндігін қарастырды. Әрі жергілікті кәсіпкерлерге Қазақстанда бизнеспен айналысудың ерекшеліктерін таныстырды.

Авторы: Рауан Мыңбаев.