Лондонда Қазақстанның инвестициялық әлеуеті таныстырылды

Астана халықаралық қаржы орталығы Лондонда шетелдік инвесторлардың басын қосты.

Мақсат - Қазақстанның инвестициялық мүмкіндіктері туралы айтып беру. Еліміздегі қаржы нарығын одан әрі тартымды ету үшін не істеу керектігін білу.

Жаһандық геосаяси жағдай инвесторларға халықаралық нарықтарға шығуды қиындатты. Бизнес қауымдастық кәсібін дөңгелету үшін жаңа бағыттар іздеуге мәжбүр. Ал Қазақстан Еуразия құрлығының кіндігінде орналасқан. Біздің мемлекет арқылы Еуразиялық экономикалық одақ пен Қытай және Каспий өңірі елдеріне тікелей шығуға болады. Осы ретте Астана халықаралық қаржы орталығы ірі инфрақұрылымдық жобаларды жүзеге асыруға мол мүмкіндік беріп отыр. 

Ренат Бектұров, Астана халықаралық қаржы орталығының басқарушысы:

- Бірінші жылы дейміз 22-де, әрине көптеген инвестор ойланып қалды. Яғни біздің аймақта жағдай қалай дамитындығын. Бірақ біз саяси-экономикалық реформаларды жалғастырып жатқанымызды, ашықтығымызды көрсеттік. Соған байланысты сыртқы тікелей инвестициялар 2022 жылы рекордтық деңгейді көрсетті - 28 млрд.

Мағжан Ілиясов, Қазақстанның Ұлыбританиядағы Елшісі:

- Бұған дейін мұндай шара Лондонда 5 жыл бұрын өткен. Одан бері орталық дамып, байланыстары кеңейе түсті. Біршама табысты жобалар жүзеге асырылды. Енді міне әлемнің ең ірі қаржы орталықтарының бірінде өткізіліп жатқан шараға Қазақстанға инвестициялау мүмкіндіктері туралы білгісі келетін жұртшылықтың көптеп жиналуы қуантады.

Таныстырылымға 70-тей халықаралық инвестициялық банк, қаржы-консалтингтік компаниялар және заң фирмаларынан 120-ға жуық өкіл келді. Олар Астана қаржы орталығының өңірде осы саланы жетілдірудегі ролін талқылады. Қазақстандағы акционерлік және борыштық капитал нарықтарын дамыту бойынша өз ойларын ортаға салды. Айта кету керек, орталық биржасы іске қосылғалы бері тартылған борыштық капиталдың жалпы көлемі 4 млрд доллардан асады. Үлестік капитал 365 миллион долларға жетіп отыр.

Ник Кауфманн, Wood&Company инвестициялық банктің бөлім басшысы:

- Әлемдегі ең ірі кастодиан банктер Астана халықаралық қаржы орталығы биржасының депозитарлық клиентіне айналды. Шетелдік және қазақстандық инвесторлар сауда жасай алатын капитал нарығы құрылды. Бюрократияның жоқтығы, салықтық жеңілдіктер орталықтың тартымдылығын арттырып отыр.

Евгений Монахов, Polymetal International PLC компаниясының инвесторлармен байланыс жөніндегі директоры:

- Елде бизнеспен айналысуға қолайлы жағдай жасап жатқан әріптестерімізге дән ризамыз. Қазақстанға заңды түрде өткен жылдың тамызында көшіп келгенбіз. Әзірге бәрі ұнап жатыр. Біз күрделі геосаяси жағдайда кәсібімізді дамытуға жайлы мекен тапқанымызға өте қуаныштымыз.

Астана халықаралық қаржы орталығы ашылғалы бері Қазақстан экономикасына 11 млрд долларға жуық қаражат тартылған. Оның шамамен 40 пайызы орталық биржасы арқылы жүзеге асты. Өткен жылдың қарашасында биржада сауда-саттықтың 61 пайызын шетелдік инвесторлар жасаған.

Ғалымжан Қараманұлы