Қазақстанда ипотеканы ерлерге қарағанда әйелдер көп рәсімдейді

Баспана – басты мәселе.

Сондықтан, әуелі үй мәселесін реттеп алмасаң, басқа шаруаңда береке болмайтыны белгілі.

Үй аламын дегендердің көпшілігі банктерге жүгінетіні рас. Әрине, қазір екінің бірінде бірден үй ала қоятындай ақша жоқ. Содан барып ипотекалық несие ресімдейміз. Ал осы ипотеканы жігіттерге қарағанда қыз-келіншектер көп алатынын естідің бе? Мәселен, былтыр ресімделген ипотекалық несиенің 54%-і қыз-келіншектерге тиесілі.

 

116,6 мың ипотекалық несие берілді

Былтыр 117 мыңға жуық ипотекалық несие берілді. Оның 54%-і әйелдер қауымының еншісіне жазылыпты. Яғни, қыз-келіншектердің үй алуға құлшынысы жоғары. Барлығы 112 мыңға жуық адам 1 трлн 700 млрд теңгеден астам қарыз алған. Бірінші кредиттік бюроның мәліметтеріне сүйенсек, әр несиенің орташа сомасы – 15 млн 700 мың теңге. Ең жиі несие алатындар қатарында астаналықтар мен алматылықтар тұр.  

Берілген ипотеканың 20%-і Астанада, 15%-і Алматыда тіркелген. Сондай-ақ 8%-тік үлеспен Қарағанды облысы үздік үштікті түйіндейді. Жас шамасына келсек, жасы 40-қа жетпегендер белсенді болып шықты. Барлық ипотеканың 39%-і 31-40 жас аралығындағы азаматтарға берілген.

 

Қазақстандықтардың қарызы ₸40,4 млрд кеміді

Сондай-ақ, Ұлттық Банктің дерегіне сүйенсек, қазақстандықтардың екінші деңгейлі банктердің алдындағы қарызы 40 млрд 400 млн теңгеге азайды. Дегенмен әлі де 860 млрд теңгеден астам проблемалық несие бар.

Ал банктердің табысы артып келеді. Былтыр олардың жалпы табысы 2 трлн теңгеден асты. Яғни, алдыңғы жылмен салыстырғанда 1,5 есеге артқан. Барлық пайданың төрттен үші үздіктер қатарындағы 5 банкке тиесілі. Қаңтар айында сектордағы актив құны 51 трлн теңгеден асты. Желтоқсан айымен салыстырғанда 2 трлн теңгеге өсті.

Ең табысты банктер бестігіне Халық банк, Kaspi, БанкЦентрКредит, Forte және RBK банк кірді. Банк жүйесінің несиелік портфелі де 1 трлн 200 млрд теңгеге ұлғайды. Сөйтіп, 30 трлн теңгеге жуықтады. Банктердің табысымен бірге қазақстандықтардың да депозиттері өсіп келеді. Бір айда депозиттегі ақша 1,5 трлн теңгеге өсіп, 20 трлн теңгеден асты. Ал заңды тұлғалардың салымдары 340 млрд теңгеге артты. Сөйтіп, 14 трлн 700 млрд теңгені еңсерді.

 

Транзиттік тасымал 18%-ке өсті

Тағы бір жағымды жаңалық, былтыр Қазақстанның теміржолдарындағы жүк айналымы 7% артып, 270 млрд тонна-километрге жетті. «Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясының басқарма төрағасы Нұрлан Сауранбаевтың айтуынша, соңғы 3 жылда негізгі өндірістік көрсеткіштерде өсім байқалып отыр.

Нұрлан Сауранбаев, «Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ басқарма төрағасы:

- Өндіріс көрсеткіштері оң динамиканы көрсетіп отыр. Жүк айналымы 270 млрд тонна-километрді құрады. Локомотив паркін белсенді түрде жаңарту жүріп жатыр. Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша жаңа теміржолдар жобасы кестеге сай жүзеге асырылып жатыр. Президент Қазақстанның көліктік-транзиттік потенциалын дамытуға ерекше назар аударды.

Әсіресе еліміз арқылы өтетін жүк көлемі өскен. Транзиттік тасымалдау 18%-ке ұлғайып, 27 миллион тоннадан асты. Нәтижесінде компанияның кірісі өткен жылмен салыстырғанда 29,3%-ке өсіп, 1,9 триллион теңгеге жеткен. Компания 154 миллиард теңге таза пайда тапты.

Бұл 2022 жылмен салыстырғанда төрт есе көп және бұрын-соңды компания мұндай рекордтық табыс таппаған еді.

Енді компания осы табысты еселеу мақсатында бірқатар ірі жобаларды жүзеге асырмақ.   

Бұл орайда Достық – Мойынты шойынжолын, Алматы станциясын айналып өтетін теміржол желісін салу көзделіп отыр. Бүгінгі таңда 350 шақырымнан астам рельс төселді. Аталған жобалардың арқасында жүк тасымалы ұлғая түспек.

Сондай-ақ Қытайдың Сиань қаласындағы құрғақ портта жүк терминалының құрылысы аяқталды. Көрші елдің ең ірі логистикалық хабында орналасқан бұл терминал жүктің Қазақстанға қарай іркіліссіз тасымалдануына мүмкіндік береді. Бұдан бөлек, отандық экспорттаушылардың мәселесін шешіп, жаңа нарықтарға жол ашады. Осылайша, ел Үкіметі теміржол логистикасын дамытуға күш салып отыр. Логистика дамыса, бәсекелестік күшейеді. Нарық заңына сәйкес бәсеке бар жерде сапа да жақсара түспек.