TELE2 мен ALTEL жеке меншікке сатылады

Елде жыл санап ұялы байланыс қызметіне сұраныс артып келеді.

Мәселен, былтыр мобильді операторлар көрсеткен қызмет көлемі 7 пайызға өсіп, 1 трлн 200 млрд теңгеге жетті.

Өкінішке қарай, қызмет көлемімен қатар бағасы да өсіп отыр. Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігінің ақпаратына сүйенсек, былтыр операторлар бағаны 7 пайыздан 57 пайызға дейін көтерді. Мамыр-шілде аралығында 30-дан астам тарифтік жоспар қымбаттаған.

Қазір Қазақстанда 25 миллионның шамасында ұялы байланыс абоненті бар.  Бұлардың барлығына 4 байланыс желісі қызмет көрсетеді. «Қазақтелекомға» қарасты «Kcell» мен «Тele2» және «Altel» нарықтың 63 пайызына иелік етеді. Қалған 37 пайызы жекеменшік Beeline-ға тиесілі. 

Ұялы байланыс нарығы /2023 жыл/

«Kcell» АҚ, «МТ-С» ЖШС (Тele2/Altel) – 63 пайыз

«Кар-Тел» ЖШС (Beeline) – 37 пайыз  

Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігі операторларға бағаны төмендету туралы ұсыныс жасады. Алайда операторлардың да өз уәжі бар. Олардың айтуынша, желілерді дамытуға қомақты қаржы салу қажеттігінен тарифті көтеруге мәжбүр. Оның үстіне электр энергиясымен қатар коммуналдық қызметтер құны да қымбаттап отыр. Инфляция да бағаға кері әсер етеді.

ЦИТАТА

«Пандемиядан кейін интернетті тұтыну көлемі күрт ұлғайды. Үш жылдың ішінде трафикті пайдалану көрсеткіші 60 пайызға артты. Айтып өтетін мәселе, интернет неғұрлым көп пайдаланылса, мобильді операторлар тарапынан құйылатын инвестиция көлемі де соғұрлым артуы керек. Яғни желілерді жаңғырту қажет, базалық станциялардың санын көбейту керек. Қазір мегаполистерде құрылыс қарқынды жүріп жатыр. Жаңадан тұрғызылған ғимараттар базалық станцияның жұмысына кері әсер етеді. Сондықтан бізге құрылыс ауқымы үлкен Алматы, Астана, Шымкент сияқты ірі қалаларда аптасына жиырма базалық станцияны іске қосу керек. Ал, мұның барлығы қосымша қаржыны талап етеді».

Айнұр Күзербаева «KCELL» АҚ PR директоры

TELE2 мен ALTEL жеке меншікке сатылады

Бәсекелестік бар жерде сапа жақсаратыны белгілі. Қазір Үкімет «Қазақтелекомға» қарасты «Мобайл Телеком-Сервис» серіктестігін жекеменшікке сату мәселесін пысықтап жатыр. Бұл мәселе Экономиканы демонополизациялау жөніндегі комиссияның кезекті отырысында қаралды. Отырыста шетелдік инвесторлармен келіссөздер жүргізіліп жатқаны айтылды.

«Мобайл Телеком-Сервис» серіктестігіне Теле2 және Алтел брендтері тиесілі. Ұлттық экономика министрлігі тиісті құжатты жариялады. Мұның пайдасы  –  нарықта бәсеке күшейіп, телекоммуникация саласы дамиды деген үміт бар.